ҚАНҒА БОЯЛҒАН БЕСІК: ЕКІНШІ СӘБИДІ ТҰНШЫҚТЫРҒАН АНАНЫҢ ІСІ СОТТА ҚАРАЛЫП ЖАТЫР
ҚАНҒА БОЯЛҒАН БЕСІК: ЕКІНШІ СӘБИДІ ТҰНШЫҚТЫРҒАН АНАНЫҢ ІСІ СОТТА ҚАРАЛЫП ЖАТЫР
31.05.2025 00:21
40
0

Ақтөбе облысы, Қандыағаш қаласы. 29 жастағы әйелге қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы басталды. Ол 23 наурыз күні өз туған екі баласын – үш жасар ұлы мен 11 айлық қызын – жастықпен тұншықтырып өлтірді деп айыпталуда.

 Тергеу барысында белгілі болғандай, келіншек – информатика пәнінің мұғалімі Гүлжайнар есімді азаматша. Мамандар оның босанғаннан кейінгі психологиялық күйзеліске ұшырағанын анықтаған. Бұған дейін де ол бірнеше мәрте балаларын өлтіруге оқталған. Бір жолы бұл ниетін күйеуіне ашық айтса, тағы бірде полицияға қоңырау шалып, балаларын өлтіруге «қару» сұраған.

 Осы оқиғалардан соң құзырлы органдар әрекетке көшіп, әйел медициналық тексеруден өтеді. Дәрігерлер оған «екінші деңгейлі психоз» диагнозын қояды. Сол кезеңде балаларды нағашы атасы уақытша өз қамқорлығына алған. Алайда арада көп уақыт өтпей, келіншектің жағдайы оңалғандай болып, сәбилер анасымен қайта қауышады. Бірақ бұл қауышу трагедиямен аяқталды.

 Қазіргі таңда айыпталушы әйел Талғардағы психиатриялық емханада ем қабылдап жатыр. Сот отырысына өзі қатысқан жоқ. Айыптаушы тарап оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрап отыр. Алайда соттың мұндай үкім шығару ықтималдығы төмен, себебі әйелдің ақыл-есі толық деп танылмауы мүмкін.

 Бұл жантүршігерлік оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көпшілік орынды сұрақ қойып отыр: жақындары неге бұған дейін әрекет етпеді? Психикалық күйзеліс белгілері байқалғанда нақты шара неге қолданылмады? Сот процесі жалғасуда.

(Ақпарат ABAIBO телеграмнан алынды)

0 пікір