
Бүгінгі таңда елімізде қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру – басты күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі – еліміз бойынша кең ауқымда қолға алынған «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы. Аталған жобаның негізгі мақсаты – халық арасында тазалық мәдениетін көтеру, қоршаған ортаны аялауға шақыру, елді мекендерді көркейту және көгалдандыру арқылы елді біріктіру. Бұл бағытта Ордабасы ауданына қарасты Қараспан ауылдық округінде де жүйелі жұмыс жолға қойылған.
Ауылдық округ әкімі Асхат Үскенұлының бастамасымен округке қарасты 14 ауылдық елді мекенде тазалық жұмыстары тұрақты әрі жоспарлы түрде жүргізілуде. Әкімнің ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігінің арқасында әрбір ауылда «Таза Қазақстан» науқаны аясында нақты шаралар қолға алынған.
Ауыл тазалығының сақталуы – тек әкімдік жұмысы емес, әр тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Осыны терең түсінген Қараспан ауылдық округінің тұрғындары науқан басталысымен-ақ қолдарына күрек пен сыпырғы алып, ауыл ішін тазартуға белсенді кірісіп кетті. Қоғамдық жұмысшылар көше бойларындағы күл-қоқыстарды жинап, арық-атыздарды тазалап, аулаларды ретке келтіруде.
Әсіресе, балалар ойын алаңдары мен қоғамдық орындарда тазалық жұмыстары ерекше қарқынмен жүргізілуде. Балалар – біздің болашағымыз десек, олардың таза әрі қауіпсіз ортада өсуі – басты міндетіміз. Бұл бағытта Асхат Үскенұлы бастаған әкімдік аппараты мен ауыл азаматтары барынша жауапкершілікпен жұмыс істеуде.
Қараспан ауыл округіне қарайтын 14 елді мекеннің әрқайсысында атқарылып жатқан жұмыстар жүйеленіп, нақты нәтижесін беріп келеді. Бұл жұмыстардың бірыңғай жоспармен жүруі округ әкімінің күнделікті қадағалауы мен халықпен тығыз байланысының арқасы. Ауыл тұрғындары да әкімнің осындай жанашырлықпен атқарып жатқан ісіне дән риза.
Әр ауылдың тұрғындары өз ауылындағы тазалықты сақтап қана қоймай, көршілес ауылдарға үлгі боларлық деңгейде еңбек етуде. Бұл – ауыл халқының бірлігі мен ауызбіршілігінің, туған жерге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.
Асхат Үскенұлы – Қараспан ауыл округін басқарғалы бері ауылдың тыныс-тіршілігін жаңа деңгейге көтеріп, түрлі бағыттағы жұмыстарға серпін берді. Ол тек әкім ретінде емес, ауыл тұрғындарының пікіріне құлақ асатын, елмен етене араласатын басшы ретінде де үлкен сенімге ие болды. Әрбір бастамасы нақты іспен дәлелденіп, тұрғындар тарапынан қолдау тауып келеді.
Тазалық науқаны аясында жүргізіліп жатқан жұмыстар да – осы сенім мен еңбектің жемісі. Ауылдардың көркі кіріп, тазалығы артуда. Бұл – әкім мен халықтың бір бағытта жұмыла жұмыс істеуінің нәтижесі.
Тазалық – мәдениеттіліктің белгісі. Әсіресе ауылда өскен ұрпақтың қоршаған ортаға деген көзқарасы – болашақ елдің экологиялық санасын айқындайды. Қараспан ауыл округінде қолға алынған жұмыстар – балалардың табиғатты қорғауға деген тәрбиесін қалыптастыруға, олардың бойына ұқыптылық пен еңбекқорлықты сіңіруге ықпал етуде.
Ауыл тұрғындары да, үлкендер жағы жастарға үлгі көрсетіп, әр ауласын, көше бойын тазалап, ағаш егіп, қоршаған ортаға жанашырлық танытып отыр.
«Таза Қазақстан» жобасы – Қараспан ауыл округінде шын мәнінде жанданып, көрініс тапқан бастама. Әрбір ауылдың ажары кіріп, көшелер жаңарып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениет қалыптасуда. Бұл – бір ғана науқан аясында атқарылған жұмыс емес, болашаққа бағытталған нақты қадам.
Асхат Үскенұлы бастаған әкімдік аппаратының, қоғамдық жұмысшылар мен тұрғындардың бірлескен еңбегі – ауыл өмірінің көркеюіне зор үлес қосуда. Қараспан ауыл округі – «Таза Қазақстан» жобасының нақты үлгісіне айналды.