ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ
ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ
02.05.2024 12:08
17
0

        Халқымызда «ата қайратты болса, бала ғибратты болады» деген даналы сөз бекер айтылмаған. Елдің берекесі мен жас ұрпақтың өнегесіне әр уақыт қолдау көрсетіп, ел келешегінің жарқын жолын жарасымды жалғап келе жатқан қазыналы қарттарға құрмет көрсету әрбір адамның азаматтық парызы. Қарт дегеніміз – ағып жатқан дария,теңіз іспеттес. Қариялар - халқымыздың өткені мен бүгінін жалғайтын алтын көпір, тұнып тұрған шежіре, кемел тарихымыз. «Қарты бар елдің қазынасы бар», – деген аталы сөз осыдан қалса керек.

       Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-омарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шымкентте  «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы «Өнегелі ұрпақ»  апталығымен жалғасуда. Апталық барысында әр аудан тазалық жұмыстарын ұйымдастырып келеді. Осы орайда Еңбекші ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Өнегелі ұрпақ» акциясы аясында қала жастары мен белсенді азаматтар қарттар үйіне барды. Халқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген. Осыған орай  қарттар үйінің ауласында белсенділер тазалық жұмыстарын жүргізіп, талдардың түптерін әктеп, өсіп кеткен шөптерді қырқып, қоқыстарды шығарды.

—«Таза Қазақстан» акциясы аясында тазалық жұмыстарын қарттар үйінде жалғастырудамыз. Іс-шараға Еңбекші ауданы әкімдігі, жастар, студенттер атсалысуда. Дәл қазір 50-ге жуық белсенді жас ауладағы талдардың түбін әктеп, қоршауларды сырлап шықты. Мұндай тазалық іс-шарасын көрген қарияларымыз да өз ризашылықтарын білдіріп, жастармен әңгімелесіп бір жасап қалды, - деді Еңбекші ауданының жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Қуаныш Серікбай.

    «Қазыналы қария – ақылы теңіз дария» атауымен ұйымдастырылған іс-шарада тазалау жұмыстарын жүргізу және демеушілердің есебінен қайырымдылық көмектер көрсету жұмыстары да ұйымдастырылып, қалалық мәдениет бөлімінің әншілері ән шырқап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

   «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп өскен халықтың өкіліміз ғой. Елімізде зейнет жасына жетіп, өнегелі өмірімен ұрпаққа үлгі көрсетіп отырған азаматтарға қашан да құрмет көрсетіледі. Бұл – қанға сіңіп, санаға берік орнаған ұғым.  «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында мүмкіндігінше қаладағы көмекке мұқтаж қарттардың барлығын қамту қарастырылған. Апталық барысында қариялар мен ардагерлердің үйлеріне барып, тазалық жұмыстарын жүргізу әрі қарай да жалғаспақ.

0 пікір