Зейнетақы жинағының жеткілікті шегі әдістемесін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген. Ведомство хабарламада қате тұжырым жасалғанын мәлімдеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімтеніше, 2021 жылғы 7 желтоқсанда таратылған баспасөз релизінде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткілікті шегін белгілеу мәселесінде ведомство құзыретіне қатысты қате тұжырым жасалған.
"Осы баспасөз релизін министрліктің ресми сайтында, парақшаларында және әлеуметтік медиада орналастырған қызметкерге тиісті тәртіптік жазалау шаралары қолданылды.
Еңбекминінің ресми ұстанымы өзгеріссіз қалады. Министрлік зейнетақы жинағының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесін әзірлеуші", - делінген хабарламада.
"2021 жылғы 8 желтоқсандағы жағдай бойынша әдістемеге өзгерістер енгізілген жоқ және жоспарланбаған, өйткені оның ағымдағы нұсқасы қазақстандықтарға болашақ зейнетақы төлемдерін қолайлы деңгейде қамтамасыз етудің қажетті өлшемдеріне толық сәйкес келеді.
Әдістемеге сәйкес жеткіліктілік шегін есептеудің негізгі параметрлерінің бірі күнтізбелік жылдың басындағы ең төменгі жалақы саналады. 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап оның өзгеруі қолданыстағы заңнамаға сәйкес жеткілікті шекті автоматты түрде қайта есептеуге әкелді", - делінген хабарламада.
Зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесі 2020 жылы әзірленіп, ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 6 қаңтардағы №1 қаулысымен бекітілген.
"Еңбекмині әзірлеген әдістемені бекіту туралы ҚР Үкіметі қаулысының жобасы нормативтік-құқықтық актілерді қабылдау кезінде көзделген барлық қажетті рәсімдерден өтті:
- әдістемеге енгізілген параметрлерді әзірлеу кезінде тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, жұмыс топтарының бірнеше отырысы өткізілді;
- 2020 жылғы 29 қарашада Ашық НҚА порталында жария талқылау өтті;
- 2020 жылғы 4 желтоқсанда ол Еңбекминінің интернет-ресурсында орналастырылды, онда 10 күн ішінде оған пікірлер мен ұсыныстар жиналды;
- барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісуден өткізілді", - делінген сайтта.
Әдістеме келесі көрсеткіштерді қамтиды:
- БЖЗҚ табыстылығының жылдық пайыздық мөлшерлемесі;
- БЖЗҚ-жан төленетін зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесі;
- ең төменгі зейнетақы мөлшерін индекстеу мөлшерлемесі;
- жыл сайынғы индекстеумен жалақының ең төменгі мөлшері;
- ең төменгі мөлшердегі базалық зейнетақыны есептеу үшін индекстеуді ескере отырып, ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері;
- міндетті зейнетақы жарналарының болжамды жиілігі;
- зейнетақы төлемдерін жүзеге асырудың бастапқы және шекті жасы.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу үшін жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін алу үшін жеткілікті шек мөлшеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерге ешқандай өзгеріс енгізбегенін мәлімдеген болатын. Министрлік сайтында жарияланған хабарлама кейін жойылды.
Дереккөз:Tengrinews.kz