Қауіпсіз мектеп: Шымкентте 500 оқушы полиция бастығымен кездесті
Қауіпсіз мектеп: Шымкентте 500 оқушы полиция бастығымен кездесті
07.04.2026 21:31
12
0

Шымкент қаласы полиция департаменті бастығы Мұхтар Қожаевтың бастамасымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жасөспірімдер арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Қауіпсіз мектеп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Аталған іс-шара аясында полиция генерал-майоры №130 мектепке барып, оқушылармен профилактикалық кездесу өткізді. Кездесуге 500-ге жуық оқушы қатысты.

Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, бүгінгі таңда жастар арасында өзекті болып отырған мәселелер талқыланды. Әңгіме барысында жеке қауіпсіздік, өз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік және заңды құрметтеу – қауіпсіз болашақтың негізгі кепілі екені атап өтілді.
Кездесу барысында Мұхтар Қожаев жастар үшін қауіпті бірқатар құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, психологиялық қысым көрсету нысаны болып табылатын сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгені түсіндірілді. Сонымен қатар интернет-алаяқтық және «дропперлік» схемаларға тартылу мәселелері қозғалып, банк картасын берудің өзі ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екені ескертілді.
Оқушыларға психотроптық заттарды, оның ішінде вейптер мен «күлдіретін газды» қолдану мен таратудың зияны кеңінен түсіндірілді. Бұл әрекеттердің денсаулық пен болашаққа кері әсер ететіні айтылды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда бет-әлпетті жасыруға тыйым салатын заң талаптарын сақтау қажеттігіне назар аударылды.
Жол қауіпсіздігі мәселелері де назардан тыс қалмады. Оқушыларға электрсамокаттарды пайдалану ережелері түсіндіріліп, жолдағы жауапкершілік туралы еске салынды.
Кездесуде жастар арасында саналы азаматтық ұстанымды қалыптастырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Заң мен тәртіп әр адамның жеке таңдауынан басталатыны, ал өзгенің құқығын құрметтеу мен өз ісіне жауапкершілікпен қарау – тұрақты қоғамның негізі екені айтылды.
Іс-шара соңында оқушылар үшін таныстыру көрмесі ұйымдастырылды. Онда полиция қызметінің арнайы техникалық құралдары, қызметтік жабдықтар мен қару-жарақ үлгілері көрсетілді. Оқушылар полиция қызметкерлерінің күнделікті жұмысы туралы кеңірек мәлімет алып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларымен жақынырақ танысты.

0 пікір