"QazaqGaz" ұлттық компаниясында миллиардаған қаржы талан-таражға түскен
"QazaqGaz" ұлттық компаниясында миллиардаған қаржы талан-таражға түскен
06.06.2022 17:15
93
0

Бүгінгі күні 937 миллиард теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық заң бұзушылықтар анықталды

 "QazaqGaz" ұлттық компаниясының басшысы Санжар Жаркешев компанияда бір триллион теңгеге жуықтайтын заң бұзушылықтар анықталғанын мәлімдед.
 
"Мемлекет басшысының толық аудит ұйымдастыру және компания қызметінде транспаренттілікті қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес, нақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 937 миллиард теңгеден астам сомаға делдалдық схемалар мен қаржылық заң бұзушылықтар анықталды", - деді Жаркешев мәжілісте өткен үкімет сағатында.
 
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін 123 миллиард теңгенің қаржылық заң бұзушылықтары дәлелденді.
"Қазақта ауруын жасырған арам өледі" деген жақсы сөз бар. Барлығын ашық айтуға дайынбыз. Проблема көп, шешуге тырысамыз", - деп атап өтті компания басшысы.
Үкімет отырысынан кейін журналистер бұрынғы "ҚазТрансГаз" - қазіргі "QazaqGaz" ұлттық компаниясында анықталған қаржылық заң бұзушылықтар қай кезде болғанын және оған кім кінәлі деп танылғанын сұрады. Алайда компания басшысы тергеу жүргізіліп жатқанын, сол себепті ештеңе айта алмайтынын жеткізді.
Айта кетері, өткен жылы 31 желтоқсанда үкіметтің қаулысымен "ҚазТрансГаз" компаниясының атауы "QazaqGaz" деп өзгертілді. Оны 2022 жылдың 15 қаңтарына дейін Қайрат Шәріпбаев басқарды.
0 пікір