Қазақстан Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде жас сарбаздар ант қабылдады
Қазақстан Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде жас сарбаздар ант қабылдады
20.01.2025 09:47
27
0

2025 жылдың 18 қаңтарында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының 6506 әскери бөлімінде маңызды оқиға өтті. Әскери бөлімнің қатарын еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған 400-ге жуық жас сарбаз толықтырды.

Салтанатты шараға жас сарбаздардың туған-туыстары мен жақындары, сондай-ақ ардақты қонақтар қатысты. Шараны құттықтау сөзімен 6506 әскери бөлімінің командирі, полковник Марат Рахпанов ашты. Ол әскери анттың маңыздылығын ерекше атап өтті:

«Бүгін біздің әскери бөлімде салтанатты күн. Әрбір жауынгер үшін әскери ант - бұл өмірдің бұзылмайтын Заңы, одан ешқандай шегініс болмайды. Ант қабылдай отырып, әскери қызметші Қазақстан халқына және оның заңды түрде сайланған Президентіне адал болуға, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қасиетті сақтауға, өзіне жүктелген міндеттерді сөзсіз орындауға міндеттенеді. Сіздерді осы айтулы оқиғамен құттықтаймын және алдағы қызметте табыс тілеймін», – деді полковник Марат Оралұлы.

Жас сарбаздардың ішінде қатардағы жауынгер Ақжол Рамазан ерекше көзге түсті. Алматы қаласынан шақырылған ол салтанатты жиында өзінің қызметтестеріне жүрекжарды сөзін арнады:

«Отанға адал болуға ант берген күн өмірде бір рет болады. Әскери ант мәтінінде сөз көп емес, бірақ олардың терең мағынасы бар. Мен өз Отанымыздың игілігі үшін әскери борышымызды абыроймен және ынтамен орындаймыз деп сенім білдіремін», – деді жас сарбаз.

Салтанатты шара барысында Алматыдан шақырылған қатардағы жауынгер Руслан Андреев сүйіктісіне өмірлік жары болуға ұсыныс жасады. Бұл күтпеген әрі әсерлі сәт мерекеге ерекше романтикалық реңк беріп, барша қатысушылардың қошеметіне бөленді.

Рәсім соңында жас сарбаздар әскери оркестрдің үнімен сап түзеп, ата-аналары мен командирлері алдында салтанатты маршпен өтті.

Айта кету керек, ант қабылдаған сарбаздар жақын арада Шымкент және Түркістан қалаларындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттеріне кіріседі.

0 пікір