Қазақстанда баспана тапшылығы болуы мүмкін – құрылысшылар одағы
Қазақстанда баспана тапшылығы болуы мүмкін – құрылысшылар одағы
25.04.2022 14:14
128
0

Қазақстан құрылысшылар одағының басшысы Талғат Ерғалиев елде күзге қарай құрылыс материалдарының бағасы қымбаттайтынын болжап отыр.

«Құрылыс материалдарының нарығындағы өндірістік және сауда-саттық тұрақсыздыққа байланысты бүгінде көптеген компаниялар жоспарларын қайта қарап, құрылыс көлемін қайта есептеп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта, 2022 жылы болмаса да, 2024-2025 жылдары баспана тапшылығы сезілуі мүмкін», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген шағын сұхбатында.

Айтуынша, құрылысқа қажетті негізгі материалдың басым бөлігі әлі де болса сырттан әкелінеді. Яғни, құрылыс материалының бағасы қымбаттай түсуі мүмкін.

«Кейінгі 7 жылдағы жағдайды алып қарасақ, сол арқылы алдағы уақытқа болжам жасасақ, баспана нарығындағы инфляция 12%-14% болып, құрылыс материалдарының бағасы кемінде 10%-15% қымбаттайтынын көреміз. Сондықтан ахуал тұрақтана қоймайды. Керісінше осы қарқынмен шиеленісуі мүмкін», - деді құрылысшылар одағының басшысы.

Мұндай болжамның мәнін Талғат Ерғалиев былай түсіндірді.

«Ресейге қарсы салынып жатқан санкциялардың құрылыс нарығына түсіретін шынайы салмағын біз тамыз-қазан аралығында сезінеміз. Әзірге материал мен тауардың қоры жеткілікті. Бірақ шамамен күзден бастап санкциялардың шынайы әсерін көреміз. Осы кезде құрылыс бағасы қайта қымбаттайды», - деді сарапшы.

Бұған дейін Құрылысшылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюков алдағы екі айда баспана қымбаттамайтынын болжаған еді.

 

Дереккөз: ҚазАқпарат

0 пікір