Қазақстанда PEFA жүйесі бойынша бюджет ашықтығын бағалау аяқталды
Қазақстанда PEFA жүйесі бойынша бюджет ашықтығын бағалау аяқталды
21.05.2025 20:00
11
0

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруға байланысты шараларды қабылдауды тапсырған болатын. PEFA (Public Expenditure and Financial Accountability) – инвесторлардың сеніміне әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Аталған бағалау жүйесі мемлекеттік қаржыны басқарудағы ашықтық пен тиімділікті, сондай-ақ есеп беру деңгейінің қаншалықты жолға қойылғанын көрсетеді. Осы көрсеткішті жақсарту республиканың қаржылық беделін нығайтып, шетелден инвестиция тартуға оң әсер етеді.
Президенттің тапсырмасын орындау аясында 2022-2024 жылдардағы мемлекеттік шығыстарды, қаржылық есеп-қисап пен оның климаттық өлшемін (Public Expenditure and Financial Accountability - Pefa Climate) бағалау аяқталуға жақын. Бұл ретте осы жұмыс Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкінің қаражаты есебінен жүргізілетінін айта кетейік.
PEFA бағалауының Қазақстанның инвестициялық тартымдылығына тікелей әсері бар. Неге десеңіз, ол мемлекеттік қаржыны басқарудың ашықтығын, есептілігін және тиімділігін байқатады.
Бұл өлшем тетігі сыртқы пайдаланушыға мемлекеттік қаржыны басқару жүйесі туралы толық мәлімет береді. Жетекші халықаралық ұйымдар (ДБ, ХВҚ, АДБ), ЕО, сол секілді шетелдік инвесторлар PEFA-ны өз операциялары мен шешім қабылдауда пайдаланып келеді.
Осы әдіске сәйкес мемлекеттік қаржының тиімді басқарылуы 7 өлшем (31 индикатор) бойынша бағаланады: бюджеттің нақтылығы, ашықтық, активтер мен міндеттемелерді басқару, салық-бюджет стратегиясы және саясатқа негізделген бюджет ісі, бюджеттің орындалуын бақылау әрі болжау, есеп жүргізу және есеп беру, сыртқы бақылау және аудит.
Қазақстанда жүргізілген бағалаудың алдын ала нәтижелеріне сәйкес PEFA-ның осыған дейінгі, яғни 2018 жылдағы межемен салыстырғанда «А» бағалуына сай келетін көрсеткіш екі есеге ұлғайған. «В» бағалауына байланысты индикатор 25% жақсарған. Бұл нәтиже мемлекеттік қаржыны басқару саласында айтарлықтай прогрестің байқалып, сондай-ақ бюджет процестерінде ашықтықтың, тиімділіктің және жауапкершіліктің артқанын көрсетіп отыр.
Сондай-ақ шығыстардың тұтастай орындалу бағытында, оның ішінде бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуының ашықтығы мен бақылау жүргізуде, қоғамның салық-бюджетке қатысты мәліметтерге қолжетімділігі, қаржы және қаржыдан тыс активтердің мониторингі бойынша да оң динамика тіркелді.
Жоғары аталған бағалау нәтижелері еліміздің мемлекеттік қаржы жүйесін басқаруды жетілдіруге байланысты реформалар мен қолға алынған шаралардың өз жемісін бере бастағанын айғақтайды.
Анықтама: PEFA – мемлекеттік қаржы жүйесін басқаруды бағалаудың халықаралық әдістемесі. Осы тәсіл олардың артықшылығы мен кемшілігін бағалап, жүргізіліп жатқан реформалардың басым бағыттарын анықтауға мүмкіндік береді.

0 пікір