Жеңімпаздар алфавит бойынша тұр! UAE SWAT Challenge сайысының үшінші күнінде біздің командалар елге ерекше қуаныш сыйлады. Барлық үш жүлделі орын қазақстандық командалардың қанжығасында. “Kazakhstan A” «Офицерді құтқару» тапсырмасын рекордтық уақытта (02:00 мин.) орындап, турнир кестесін бастап тұр. Екінші орынды “Kazakhstan B” жеңіп алды, үшінші кезеңнің қола жүлдесі “Kazakhstan C” командасында. Тағы екі командамыз 20 үздік қатарында: “Kazakhstan D” 19-шы болып тұр, одан кейінгі орында “Tomiris” қыздар командасы. Ол әйелдер арасындағы үздік көрсеткішін қайталады әрі көптеген ерлер командасынан да озып түсті. Үш кезең нәтижесі бойынша “Kazakhstan C” бірінші орында берік тұр. Оған иық тірестіріп, екінші болып “Kazakhstan A” келеді. Осылайша, қазақстандық арнайы жасақ 48 елдің 109 командасы сайысып жатқан элиталық турнирде озып келеді. Алда UAE SWAT Challenge турнирінің екі кезеңі қалды. Біз батырларымыз үшін тақымымызды қысып, әлемдік айтулы додада жеңіспен оралуын тілейміз. Алға, Қазақстан!
+7 (702) 435 3845
sayasat_akparat@mail.ru