ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ - ЖАСТАР
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫ - ЖАСТАР
17.06.2024 13:56
156
0

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Қай заманда болмасын, қоғамның қозғаушы күші – жастар. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің көрнекті ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Шын мәнінде, мен де жастарға сенемін. Баршаңызды қолдаймын. Расында, біздің елімізге сіздер сияқты белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек. Еліміздің болашағы –  жастардың қолында» деген сөзі мемлекет пен ұлт болашағы жастар болашағымен тікелей байланысты екендігін айқындайды.

Тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді дамыту – қазіргі жастардың басты міндеті. Тәуелсіз еліміз қанатын кере жайып, ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақ, елімізді көкке көтереді. Қоғамның негізгі өзегі – жастар болып табылады. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, солардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына қоғамның да ықпалы зор екені анық. 

Шымкентте білім алушыларға тәулік бойы қызмет ететін коворкинг орталығы ашылды. Орталық Ж. Тәшенов университетінің ғимаратында орналасқан. Ашылу салтанатына Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ-нің ректоры Гүлжан Дәулетбекқызы, Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жаппарқұлова қатысты.

Мұнда жастар уақытын тиімді әрі қызықты өткізе алады. Орталық ішінде қазақ классиктерінің шығармалары мен әлемнің озық туындыларын таба аласыз. Сонымен бірге жастар пікірталас алаңында бас қосып, жаңа жобаларды осы жерде талқылайды. Орталық соңғы заманауи техникалармен жабдықталған. Тегін жылдамдығы жоғары интернет те бар. Жұмыстан бір сәт тынығуға арналған демалыс орындарында, ұлттық үлгіде жасалған кілемше, көрпе-жастықтар да қойылыпты. Жұмысқа керекті кеңсе тауарларының барлығымен жабдықталған. Қолжетімді кофеавтомат және кафейня жұмыс жасайды.

Жалпы Coworking орталығында кездесулер, жиындар, тренингтер өткізуге арналған алаң қарастырылған. Орталықта жастарға пайдалы кездесулер жиі ұйымдастыра алады. Жиынға 20-30 адам еркін сыяды. Сондай-ақ, орталықта кітапхана қарастырылған. Жұмыстан тыс уақытта жастар кітап оқып, білімін толықтыра алады.

- Қазіргі таңда қала жастардың көбі фрилансер болып жұмыс істегенді жөн санайды. Себебі фрилансерлік қызметте жастарға ауадай қажет еркіндік бар. Тіпті кейбірі қаржылай тәуелсіздікке ұмтыламын деп фрилансерліктен көрі жеке бизнес ашуға аяқ басып жатады. Әлбетте жұмыс орныңның жайлы болғанын бәрі армандайды. Жастардың бәрі бірдей кеңсе жалдап отыруға қауқары жоқ. Сондай сәттерде осындай коворкинг орталықтың көмегіне жүгінуге болады,-дейді орталық директоры Мереке Ережепқызы.

Айта кету керек, Coworking тек студенттерге ғана емес қала тұрғындары үшін де қызмет етеді.

 

0 пікір