Қоғамдық көлік - қоғамдық мәселе
Қоғамдық көлік - қоғамдық мәселе
13.04.2024 13:21
39
0

Қазіргі уақытта, заманның дамуына байланысты, адамның өмір сүруіне деген барлық қолайлы жағдайлар жасалған. Соның бірі қоғамдық көлік болып табылады. Қала (қала сыртында тұратын адамдар да) тұрғындарының айтарлықтай көп бөлігі бұл көліктің түрін күнделікті өмірде жиі пайданалы. Қазіргі күні қаламыздағы ең өзекті мәселелердің бірі болған қоғамдық көліктер мен электронды төлем карталары. Қала тұрғындары арасында қоғамдық көліктердіңқызмет көрсету сапасына көңілі толмайтын жағдайлар да жиі кездеседі.  Әсіресе, қала ішіндегі автобустарға қатысты халықтың айтар уәжі көп.  Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жауаптылар да қол қусырып отырған жоқ. Сала мамандары Шымкенттегі қоғамдық көліктердің шешілмеген мәселелері жөнінде сөз қозғады. Жиын барысында қоғамдық көлік қызметіне қатысты тұрғындардың өтініш-тілектері мен қызмет сапасын арттыру мәселелері қаралды. Шараға Шымкент қалалық полиция департаменті, көліктік бақылау инспекциясы, төлем компаниясы, тасымалдаушы мекемелердің өкілдері қатысып, тұрғындар арасында кең тараған өзекті сұрақтарға жауап берді.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктерге наразылық әлі де көп екендігін айтып, себебін сұрады.
         —Жүргізушілердің жалақысы төмен деп шағымдандыңыздар. Қазіргі таңда айлық жалақыларыңыз біршама көтерілді. Бірақ сіздердің жұмыс сапаларыңызда өзгеріс жоқ. Әлі күнге тұрғындардан автобустардың ластығына, жүргізушілердің қолма-қол ақша сұрайтындығына шағым түсіп жатыр. Тағы қандай уәждеріңіз бар? Неліктен әлі күнге дұрыс жұмыс істей алмаймыз? — деді Р.Ибрагимов.
         Бүгінде қала ішінде қатынайтын қоғамдық көліктер саны 1000-ға жуық. 77 тұрақты қалалық маршрут бойынша күнделікті маршруттарға 915 автобус шығады. Жеке меншік нысанындағы 11 компания жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетуде. Десе де, қоғамдық көлік мәселесі шешімін таппай тұр. 
         Жиында мұнан өзге автобус жүргізушілерінің жаңа формасы, автобустарды аялдамаларды хабарлайтын аудиожүйемен жабдықтау, жүргізушілердің жолаушыларға билет таратпауы сияқты мәселелер талқыланды.
Айта кетейік, биыл 800-ден астам заманауи үлгідегі жаңа аялдама орнату жоспарланып отыр. Қоғамдық көлік қызметі – әбден жауыр болған мәселе. Жазулы тұрған заттай ғып, мүдірмей жып-жылмағай айтып шыққан уәделердің іс жүзінде іске асуын көрмейміз. Бәрі баз баяғы қалпында. Тұрғындар тарапынан  арыз-шағымдар да толастар  емес.  

 

0 пікір