ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІҢ ХАЛЫҚҚА ТИІМДІЛІГІ ЗОР
ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТІҢ ХАЛЫҚҚА ТИІМДІЛІГІ ЗОР
19.09.2024 17:00
26
0

       Қоғамдық көлік мәселесі өзектілігін жойған емес. Өйткені осы бағыттағы қызмет сапасы жақсарған сайын тұрғындардың қарым-қатынасы жеңілдей түсіп, әлеуметтік жағдайына әсер етеді.  Алысты жақындатып, барар жеріңе қандай күн райы болмасын жеткізетін, аты айтып тұрғандай қоғам үшін қызмет ететін бұл көліктердің сапасының жоғары болуы, қауіпсіздіктің сақталуы ең басты мәселе. Бүгінде тұрғындар қоғамдық көлік қатынасына бой үйретіп, игілігін сезіне бастады. 

            Шымкентте Мемлекет басшысының «Цифрландыру бағдарламасы» аясында берілген тапсырмасына сәйкес, бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі қоғамдық көліктің жол ақысын төлеудің электронды жүйесі мен халықты қоғамдық көліктің қозғалысынан хабардар ететін «Avtobys» мобильді қосымшасы. Жалпы шаһардағы қоғамдық көлік мәселесі кезен-кезеңімен шешілуде. Цифрландыру бағдарламасы аясында бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі қаламыздағы  қоғамдық көліктің жол ақысын төлеудің электронды жүйесі. Осы ретте, Шымкентте «Avtobys» жеңілдікті көлік картасы іске қосылды. Әлеуметтік картаны 550 теңгеге сатып  алып, шексіз қолдануға жарайды. Ал, мектеп оқушыларына арнайы мерізімге дейін жарайтын карталар дайындалуда. Бұл жеңілдіктер тек қала тұрғындарына қарастырылған. Бұл жаңалық тұрғындарға жол ақысын ыңғайлы және жылдам төлеуге бірегей мүмкіндіктер береді және қалалық көлік қызметінің сапасын жаңа деңгейге көтереді.
            2024 жылдың 1 мамырынан бастап 14 санаттағы азаматқа қоғамдық көлікте тегін жүруге мүмкіндік алды. Дегенмен, санатын айқындайтын құжатын өзімен арқалап жүруге мәжбүр еді. Енді, «Avtobys» картасы арқылы бұл әлде қайда жеңілдейді. Қала тұрғындары картасын Тұран, Абай, Қаратау ауданының әкімдігіне барып мүмкіндігінше тез және ыңғайлы түрде ала алады. Бұл пункттер дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

            Шаһарымызда алғашқы қолданысқа енген Card Tolem карталары біраз жылдар қызмет еткен бұл жүйе қолданыста қалады. Tolem картасын пайдаланушылар жаңа картаны алып әуре болмайды. Ол карталар жарамды болып қалады және өзгеріссіз жұмысын жалғастырады.

            «Avtobys» қосымшасы тек жол жүру ақысын төлеу құралы емес, толыққанды электронды әмиян және қала бойынша ыңғайлы жол жүруге арналған кешенді шешім. Қосымшаны пайдалана отырып, Bluetooth, NFC, QR коды және контактісіз банк карталары арқылы жол жүру ақысын төлеп қана қоймай, автобус бағытын қадағалап, оның аялдамада келу уақытын нақты уақыт режимінде болжауға, сол арқылы уақытыңызды үнемдеуге болады.

            Қалай болғанда да, халық тұтына бастаған қоғамдық көліктердің ғұмыры ұзақ болғаны абзал. Қорыта келгенде, барлығы да халықтың қамы ғой. Сол себепті, атқарушы билік те, тиісті сала мамандары да, қарапайым халық та жауапкершілік танытқаны абзал.

0 пікір