ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
21.11.2024 18:15
24
0

Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесі» тақырыбында маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты. Кездесудің басты мақсаты – жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, заңды құрметтеуге бағытталған тәрбиені қалыптастыру және қоғамдағы құқық бұзушылық деңгейін төмендету.

Бұл шара Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының тапсырмасы негізінде ұйымдастырылды. Қалалық прокуратура, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, сондай-ақ қалалық Жастар орталығының бірлесуімен өткен іс-шараның мақсаты – құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен заң бұзушылықтардың алдын алу.

Кездесуде спикерлер жастарға құқықтық жауапкершілік, оның салдары мен қауіптіліктері туралы жан-жақты түсіндіріп берді. Студенттерге құқық бұзушылықтың нақты мысалдары келтіріліп, олардың қоғам үшін қандай зиян тигізетіндігі жайында ақпарат берілді. Әсіресе, құқықтық тәрбиенің маңызы мен жастардың санасын қалыптастыру мәселесі талқыланды.

Университеттің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Құрманғали Сарықұлов осындай кездесулердің жас ұрпақ үшін өте маңызды екенін атап өтіп, құқықтық білімнің қоғамдағы тәртіпті сақтау үшін қажеттілік екенін айтты. Сонымен қатар, ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері, аға әділет кеңесшісі Әбдіраман Аққұлов қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алуда жастардың рөлі туралы баяндама жасап, жас буынды өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Шымкент қаласының прокурорының аға көмекшісі Қайсар Қалдабаев жастар арасында құқық бұзушылықтың артуына байланысты статистикалық мәліметтерді ұсынды. Оның айтуынша, биыл кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 4,2 пайызға артқан. Қазіргі кезде есірткі және синтетикалық есірткі саудасы бойынша жастардың әлеуметтік желілер арқылы алдануы жиілеген. Бұл мәселе жастардың болашағына қауіп төндіріп, олардың өмірін қиындатуы мүмкін. Қала прокурорының шешімімен құрылған 71 мобильді топтың 469 рейдтік шара ұйымдастырып, 4800-ден астам жасөспірімнің түнгі уақытта бей-берекет жүруі анықталған. Сондай-ақ, 5000-нан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Басқосуға шақыртылған бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Біржан Жақыпұлы да жастарға өз пікірін білдіріп, жат қылықтардан сақтануға шақырды. Ол салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығын атап өтіп, жастарға спортпен шұғылдану арқылы өз денсаулығын нығайтуға және қоғамға пайдалы болуға шақырды.

Кездесу барысында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, құқықтық сауаттылықты арттыру бойынша ұсыныстарымен бөлісті. Бұл шаралардың жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңды құрметтеуге және қоғамдық тәртіпті сақтауына ықпал етері сөзсіз. Кездесуде айтылған кеңестер мен ұсыныстар қоғамдағы құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқаратыны анық.

Ұйымдастырушылар мен қатысушылар осындай кездесулердің жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында тиімді жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

0 пікір