ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП – ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ
ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІП – ЗАҢ БҰЗУШЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ
20.05.2024 15:38
14
0

Қоғам әрқашан тәртіпке негізделіп, арқа сүйеп қалыптасып, тіршілік етеді. Қоғамда тәртіп болмаса, ол құлдырайды, яғни келешегі болмайды. Бұл ежелден қалыптасқан үрдіс және тәртіпті орнатудың өзіндік жолдары, ережеі бар. Дегенмен бес саусақ бірдей емес, арамызда қоғамдық тәртіпті бұзуға бейім адамдар да кездесіп жатады. Осыдан келіп құқықбұзушылық орын алады. Құқық бұзушылық – заңды, оның қағидаларын құқықтық нормалар жүктеген міндеттерді бұзу, тыйым салынған әрекеттерді жасау. Мемлекет басшысы елімізде «Заң және тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полицияның айрықша рөл атқаратынын атап өтті.

Қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтау – аса маңызды міндет. Бұл – жауапкершілігі өте үлкен жұмыс. Еліміздің әрбір азаматы өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Ол үшін құқық қорғау жүйесі үйлесімді әрі тиімді жұмыс істеуі қажет. Алдымен мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керек. Заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады.

Оның бәрі, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді, мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді. Қоғамдық жерлердегі вандализм – соның айқын көрінісі. Халқымыздың дүниетанымына жат идеология да елімізге зор қауіп төндіреді. Әсіресе, жас ұрпақ жасанды идеялар мен «жалған батырлардың» жетегіне ілесіп кетуі мүмкін. Әлеуметтік желіде жастарды заңсыз іс-әрекет жасауға шақыратын материалдар таралуда. Тіпті, заң бұзған адамдарды үлгі етіп көрсететіндер бар. Біздің азаматтарымыз кез келген заңсыздыққа қарсы болуы керек, яғни бізге заң бұзушылыққа төтеп беретін мықты иммунитет қажет. Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керек. Құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиіс. Заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет. Бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет. Қысқасы, заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән бергені жөн деп санайды.

Қылмыстардың негізгі себебі көбіне қоғамға жат әрекеттерден туындайды. Сондықтан заңды бұзуға бейім азаматтармен жүйелі жұмыс жүргізу маңызды. Сондай-ақ олардың қоғамдық тәртіпке қайшы істеріне түрткі болатын алғышарттарды түгел жою қажет. Бірақ бүгінде қылмыстың алдын алу шаралары тиімді жүргізіліп жатқан жоқ. Мұны мойындау керек. Сондықтан жүйені түбегейлі жаңарту қажет. Осы ретте қауіпті топтарға жататын азаматтардың басым бөлігі назардан тыс қалып қояды. Ал кейбір алдын алу шаралары шектеу-мәжбүрлеуден әрі аспайды. Мұндай жұмыстар жергілікті жерлерде жүйесіз жүргізіліп жатыр. Нақты үйлестіру тетіктері жоқ. Құқық бұзушылықтың алдын алу саласында бірыңғай заң әзірлейтін уақыт жетті. Заң жобасында профилактикадан өтетін азаматтар тізімін толықтай қайта қараған жөн. Жауапты органдардың құзыреттерін, үйлестіру тетіктерін, жеке профилактика құралдарын нақтылау қажет, – деді мемлекет басшысы.

Осы бағытта, Түркістан қаласы және Түркістан облысының прокуратурасы, Полиция департаменті және әкімдігімен заң бұзушылыққа тосқауыл қою мақсатында «Бұзушылыққа тоқтам» телеграм-бот əзірленді.

Бүгінгі күні, телеграм-бот облыстың барлық тұрғындары мен қонақтарына қол жетімді.

Оны қолдану арқылы бұзушылықтар туралы ақпаратты құзырлы органдарға шұғыл хабарлауға мүмкіншілік береді.

Қолдану үшін Телеграм іздеуіне «Бұзушылыққа тоқтам» және оқиға болған аудан/қаланың атауын жазу қажет.

         Азамат өзіне жүктелген міндеттерді орындаса немесе құқықтары мен бостандықтарын пайдалана алса, мұндай іс-әрекет азаматқа да, қоғамға да пайдасын тигізетіні сөзсіз. Ел тұрғындары заңда белгіленген міндеттерін бұлжытпай орындаса, қоғамда заңдылық орнап, құқықтық тәртіп сақталады.

Сондықтан әр еліміздің әр тұрғыны заңдылыққа, құқықтық тәртіпке нұқсан келтірмеуді қамтамасыз етуі керек деп есептеймін. Әрбір адам өзінің іс-әрекетіне қашан да саналы түрде зор жауапкершілікпен қарауға міндетті. Заң талаптарына қайшы іс-әрекет жасалғаны анықтаған жағдайда, сотпен құқық бұзушыларға тиісті жазалар қолданылатынын ескерген жөн.

 

0 пікір