
Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қылмыстық құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар бойынша жиын өтті.
Жиынға Түркістан қаласының прокуроры Каукен Бахытбайұлы, қалалық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы, прокуратура, полиция және қала әкімдігінің жауапты қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібінде алаяқтық және кәмелетке толмағандарға қарсы немесе олардың қатысуымен жасалған қылмыстардың алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шаралардың барысы және жол-көлік оқиғаларының деңгейі және алдағы кезеңге қойылған міндеттер қаралды.
Жиын барысында Түркістан қаласының прокурор орынбасарлары Н.Оңғарбаев және О.Мұсаев тақырыптар бойынша баяндама жасап, атқарылып жатқан жұмыстар мен мәселелерге тоқталды.
Құқықбұзушылықтар жиі тіркелетін Сауран, Отырар, Яссы және Шауғар секторларында жергілікті полиция қызметінің жұмысын күшейту қажеттігі туралы бұған дейін де нақты тапсырмалар берілген болатын. Бұл бағытта қайта жоспар құрып, учаскелік инспекторлардың жауапкершілігін арттыру қажет. Осыған байланысты барлық құзырлы мекемелерге қылмыстың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтар мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша тиімді және жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырамын, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының жалпы саны өткен жылмен салыстырғанда 9,3%-ға азайған. Бұл бағыттарда да алдын-алу шараларын жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімімен бірлесіп, жұмысты жандандыруды тапсырды.