ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ОҚЫТУ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ
ҚЫСҚА МЕРЗІМДІ ОҚЫТУ – ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ
12.03.2025 17:10
7
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл – ел экономикасының дамуына тікелей әсер ететін кәсіби мамандарға көрсетілген ерекше құрмет. Жұмысшы мамандықтары – өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы маңызды буын.
Жұмысшы мамандықтарының бірі - тігінші мамандығы сұранысқа ие әрі маңызды кәсіптердің бірі. Қазіргі таңда тігін өндірісі тек дәстүрлі қолөнер ғана емес, сонымен қатар заманауи технологиялармен ұштасқан инновациялық салаға айналып отыр.
Өткен жылы шаһарда Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан 670 тұрғын 43 мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Қысқа мерзімді кәсіптік білім арқылы тігінші мамандығын үйреніп, бүгінде жұмыспен қамтылып отырған қала тұрғыны Мавжуда Анарметова.
–Жұмыс іздеп аудандық мансап орталығына жүгінгенімде мамандар қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатысып, жаңа мамандықты үйренуге болатынын айтты. Тігінші мамандығы жаныма жақын болғандықтан бірден оқуға келістім. Мамандар мені жұмыс берушілердің жұмыс орына оқу үшін жолдама берді. Осында екі ай теорияны үйреніп, бір ай трактикадан өттік. Оқу аяқталған соң осы жерде тігінші болып тұрақты жұмысқа орналастым, - дейді М.Анарметова.
Жұмысшы мамандықтары – кез келген мемлекеттің өндірістік әлеуетінің негізі. 2024 жылы білім беру ұйымдары мен жұмыс берушілердің жұмыс орнында оқуға жолданғандардың 393-ы оқуын толық аяқтап, сертификат алып, 297-сі тұрақты жұмысқа орналасқан.
Білім беру ұйымдары арқылы кәсіптік білім алған тұрғындар визажист, графикалық жұмыстарды орындаушы, кондитер, косметолог-эстетик, маникюр шебері, даяшы, шаштараз, аспаз, жиһаз жинақтаушы, сантехник, тігінші секілді 26 мамандықты меңгерді.
Ал жұмыс берушілердің жұмыс орнында білім алғандар бухгалтер-кассир, киім мен аксессуарларды безендіруші, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері, былғары мен теріні химиялық өңдеу операторы, қолмен тоқу шебері, наубайшы, аспаз секілді 17 мамандықты үйреніп, жұмыспен қамтылды.

0 пікір