САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ – ҚОЛЖЕТІМДІ АҚПАРАТ
САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ – ҚОЛЖЕТІМДІ АҚПАРАТ
12.08.2024 16:13
96
0

          Бүгінде интернет өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, ғылым мен техника дамыған заманда интернеттің қажеттілігі тіптен жоғары. Осыдан-ақ интернетке деген тәуелділіктің күн санап артып жатқанын аңғаруға болады. Ресми дерек бойынша, соңғы тоғыз жылда Қазақстанда интернет пайдаланушылардың қатары екі есеге артқан. Алайда, ғаламтор қолданушыларының қатары артқан сайын, еліміздегі интернеттің сапасы сын көтермей жатқаны да рас. Цифрландыру саласы елімізде жүзеге асырылып жатқан басты стра­те­гия­лық жоспар саналады. Сон­дық­тан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрландыру ісі елде тұрған басты мақсат екенін қадап айтқан едіОсы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында түрлі жобалар қолға алынуда. Аталған жұмыстар Шымкент қаласында да іске асырылып жатыр.

         Мәселен, Самал-2, Наурыз және Асар-2 шағынаудандары кең жолақты, талшықты оптика желісімен қамтамасыз етілуде. Жұмыстарды жүзеге асырып жатқан жауапты компания – FISHNET.
2024 жылдың соңына дейін 20 елді мекенді интернет желісімен қамту жоспарланып отыр. Жалпы, Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің басым бөлігіне жоспар бойынша орындалды. 2025 жылдың соңына дейін барлық елді мекенді толық қамту көзделуде. Қазіргі уақытта Наурыз шағынауданында 150 абонент жаңа желіге қосылған.
         Осы жылға 71 мың қала тұрғынын қамтитын 12 аумаққа базалық станция орнатылу жоспарға қойылған болса, бүгінде олар бойынша жер телімдері анықталып, инвесторларға ұсынылған. Қазір бетон құю жұмыстары жүргізілуде. Маятас, Елтай, Тоғыс, Бозарықта жеке нысан иелерімен келісу арқылы базалық станция орнатылып, іске қосылды.
Өткен жылы 20 елді мекенге оптикалық желіні тарту бойынша жеке инвесторлармен меморандумға қол қойылған болатын. Келісімге сәйкес, 2023-2025 жылдары аралығында тұрғын алаптардың тізімі және мерзімдері анықталды.
         Бұл бастама Шымкент қаласының цифрлық инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындарға сапалы интернет қызметтерін ұсынуға бағытталған. Қала басшылығы мен инвесторлар қаланың цифрландыру жұмыстарын жалғастыра отырып, тұрғындарға заманауи және қолжетімді интернет қызметін ұсынуға ұмтылуда.

Заманауи цифрлық қызметтердің қолжетімді болуы – байланыс операторларының басым бағыты. Бұл жедел хабар алмасу және ғаламдық веб-ресурстарды еркін пайдаланумен қатар, телемедицина, қашықтықтан білім беру, мемлекеттік және банктік қызметтерді электронды түрде жедел алуға мүмкіндік бермек.

0 пікір