Сарыағаштағы "Азаптау ісінің" қылмыстық "Схемасын" кім шешеді?
Сарыағаштағы "Азаптау ісінің" қылмыстық "Схемасын" кім шешеді?
10.12.2020 14:05
298
0

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Қ.К.ТОҚАЕВТЫҢ, БАС ПРОКУРОР Ғ.Д.НҰРДАУЛЕТОВТЫҢ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ Е.З.ТҰРҒЫНБАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА!!!

  Естерінізге сала кетейік «ДАБЫЛ.КЗ» сайтында  Түркістан облысы, Сарыағаш ауданынан келген Абылай ақсақалдың: -«Сарыағашта  әділдік жоқ! Полицейлері де бандит боп кеткен бе? Баламды ұрып-соғып, аяғын  екі жаққа керіп қойып сандарына аяқ киімдерімен секіріп,  қара ниеттерін жүзеге асыру мақсатында басына полиэтилен пакетті  7 рет кигізіп тұншықтырып азаптаған полицейлер ақыры жасамаған  қылмысты балама  іліп жіберді»- деп, редакцяға мұның шағып, арызданғаны бойынша мақала жазылған болатын.

  Түркістан облысының Ішкі істер Департаментінің басшысы генерал-майор Қ.Дәлібеков, «ДАБЫЛ.КЗ» сайтында шыққан мақалаға  «ШҰҒЫЛ» түрде жауап қатты. Әрине, генералға  «ДАБЫЛ.КЗ» басшылығы ризашылық білдіреді.

  Алайда, «Бақсақ бақа екен» демекші,  білдей генерал-майор Қ.Дәлібековтың  мұқым ел отыра қалып  алып шұқшия оқитын ғаламтор САЙТЫНА, дәл мынадай СЫРҒЫТПА   жауап береді деп  кім ойлапты...

  Біз әуелі, генерал-майор,  облыстың  № 1 полицейі Қ.Дәлібековтың  берген бір жапырақ «сырғытпа» жауабына тоқтала кетейік.

  Түркістан Облысының Полиция Департаменті

  Қайырлы күн, сіз айтып отырған жайт бойынша М.Мусабековтың арызы 22.01.2020 жылы Түркістан облысы Полиция департаментінің ӨКБ-да (өзіндік кауіпсіздік басқармасы) ҚР ҚК-нің 146-бабы 1-бөлігі «АЗАПТАУ» бойынша тіркелуге алынды, сонымен қатар 22.01.2020 жылы Түркістан облысы Сарыағаш аудандық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне жинақталған құжаттар жолданып, мекеме қызметкерлерімен тексеру жұмыстары жүргізіліп, 30.10.2020 жылы қылмыс құрамының болмауына байланысты ҚР Қылмыстық Процестік Кодексінің 35-бабы 1-тармағының 2-бөлімімен тоқтамға алынды.

  Болды. Осымен бітті. Генерал-майор Қ.Дәлібеков интернет желісінде отырған «ДАБЫЛ.КЗ» сайтының оқырмандарына, -Ей, оларға болмай бара жатыр ма?-дегендей  «Қазақстан Республикасының Қылмыстық Процестік Кодексінің 35-бабы 1-тармағының 2-бөлімімен тоқтамға алынды»-деген сөзін түсіндіруге «духы» жетпестен «біртүрлі», түсініксіз «сырғытпа» жауабын жолдай салыпты.

  Генерал-майор Қ.Дәлібековтың  үстелінде  тұрған  барша шенді-шекпенді «погондылардың» «ҚҰРАНЫНДАЙ» құнды болған Қылмыстық Процестік Кодексін  өзіміз алып,  ақтарып көрсек, онда былай жазылған екен.

  «Қазақстан Республикасының Қылмыстық Процестік Кодексінің 35-бабы 1-тармағының 2-бөлімімен тоқтамға алынды»-дегені, яғни «азаптауға» қатысы бар деген қызметкерлердің «іс-әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына» байланысты  тергеліп жатқан іс уақытша  «тоқтамға» алынған деп түсінуге болады екен.

  Сонда қалай,  Мусабеков Абылай  ақсақалдың  арызындағы –«жазықсыз  сотталған баласы  Мадиді   Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлері озбырлық, адами қасиеттердің барлығын сырып тастап жасаған «айуандық» іс-әрекеттері туралы» жазған сөздерінің барлығы өтірік болғаны ма?   

  Сонда қалай, 13.11.2019 жылы  сағат 20:25-тен өз аяғымен сап-сау барған Мади Мусабеков,   түнгі сағат 24:30-ға дейін  «замбастық» Бауыржан Куатовтың кабинетінде  ол өзін-өзі сабап тастаған ба, сонда?

  Мадидің шыңғырған  жан  даусын естіген және оның шығуын күтіп отырған  куә Нұрғали мен Саматтың жауаптары да  жалған  болғаны ма? Жоқ әлде генерал-майор Дәлібековтың қол астында істейтін «УСБэшниктері» сол күні  оқиға орын алған жерде болған куәлардан жауап алуды да ұмытқан ба?

  Генерал мырза,  «ӨКБ»-ның тергеушілері Мадидің қолында болған «SAMSUNG –J5» ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОННЫҢ   ІЗ-ТҮССІЗ  жоғалып кету себебін неге анықтамады екен? Аудандық полиция бөлімінің кіре берісі де, шыға берісі де бейне-бақылау камераларымен жабдықталған емес пе?

  13.11.2019 жылы  сағат 20:25-те Сарыағаш аудандық полиция бөліміне  түскен Мади Мусабеков бір тәуліктен астам уақыт бойы шығарылмаған.

  Тек 15.11.2019 жылы түнгі сағат 24:30 Мадиді қамауға санкция берілді.  Ал 16 қарашада оны Шымкент қаласындағы ИЧ-167/11 тергеу изоляторына апарып қамап тастады.

  Мінеки, Мадиді Шымкенттегі «СИЗО»-ға апарғанға дейін  ол Сарыағаштағы «ИВС»,  яғни «УҰИ» (уақытша  ұстау  изоляторында) жатқызылған  емес пе?      Жоқ әлде «оперлер»  Мадиге ерекше «құрмет» көрсетіп оны аудандық полиция бөлімінің бастығының  орынбасары Бауыржан Куатовтың кабинетінде есін жиғанша жатқызып қойды ма екен?

  Негізі, Заң бойынша, «УҰИ»-ның «жатаққанасына»  күдіктіні кіргізбес алдын  оны сот-медициналық сараптамасына  апарады. Ол жерде сарапшы маман күдіктінің денесін толық тексеріп шығып, жарақаттардың бар-жоғын анықтап өз Қорытындысын  шығарады.  Осыдан кейін ғана күдіктіні «УҰИ»-ға апарады, ал күдіктіні қабылдап алған  «УҰИ»-дың кезекшілікте тұрған қызметкері оның үстіндегі бар киімін шешкізіп, денесін түгел тексеріп көргеннен соң ғана «камераға» кіргізуге рұқсат береді. Егер де денесінде қандай да  бір жарақаттарды анықтаса ол бойынша кезекші  «УҰИ»-ның бастығы атына  баянат жазып береді.  Сол жерде , сол  мезетте ақ  «АКТ осмотра  подзреваемого»  түзіледі. Әрине,  ол әрекеттердің барлығы  «УҰИ»-ғы орнатылған бейне-камера алдында жүргізіледі.  Бірақ та, «УҰИ»-ның қызметкерлері М.Мусабековтың денесіндегі жарақаттарды анықтамады немесе жарақаттар болса да тиісті түрде рәсімдеп хаттама,  немесе АКТ түзбеді.

  Енді мына қызыққа қараңыздар!!!  16 қараша күні Мади Мусабековты  тексерген  Шымкент қаласындағы ИЧ-167/11 тергеу изоляторының қызметкерлері оның денесінде жарақаттар орын алған деп көрсетіп береді. Ол факті жөнінде  М.Мусабековтың қазіргі адвокаты Абылай ақсақалға айтқан.  Сондай-ақ,  бұл факті    Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «СОТ САРАПТАМА ОРТАЛЫҒЫ « РМҚК  Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалар институтының маманы К.Н.Бекмуратовтың  21.11.2019 жылы берген №110 санды СОТ-МЕДИЦИНАЛЫҚ КУӘЛАНДЫРУ АКТІСІмен  «ЖЕҢІЛ» дәрежедегі дене жарақатын алғаны нақты дәлелденіп  отыр.

  Сонда қалай,  «замначальник» Бауыржан Куатовтың қызметтік бөлмесінде күдіктіні ешкім ұрмаса,  «УҰИ» ғимаратында ешкім ұрмаса,  «СИЗО»-да ешкім ұрмаса, онда бар кінә Сарыағаштан Шымкентке «этаппен» әкелген «конвойдағы» қызметкерлерінде болып тұр ма?

  М.Мусабековты ешкім ұрып-соқпады дейін десек сот-медициналық сараптама  Қорытындысы бар.    

  Құрметті генерал-майор Қ.Дәлібеков!  Бұл жерде «азаптау» фактісі  болғаны анық. Оны сіз де жақсы біліп тұрсыз!  Күдіктілерді «ұрып-соғу» арқылы қылмысын мойындату «сарыағаштық схемасын» ашқыңыз келсе,  бірақ та «Өз қолымды қалай кесемін» деп қиналсаңыз, онда біздің тарапымыздан  мына бір ұсынысқа мән беріп көріңіз.  Сонымен, бір шешімге келер уақыт таяп қалды, М.Мусабековты «көкала қойдай сабаған»  КІМ?

  Қылмысты ашудың төрт нұсқасы:

а) Күдікті М.Мусабековты «азаптап, ұрып соққан Сарыағаш АПБ-нің бастығының орынбасары Б.Куатов, Турсынов Азиз және Мухандарға  қатысты қылмыстық іс қозғатып,  істі сотқа дейін жеткізу;

б)  Күдікті  М.Мусабековты «азаптап, ұрып соққан Сарыағаш АПБ-нің аумағында орналасқан «УҰИ»-ның қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғатып,  істі сотқа дейін жеткізу;

в) Күдікті М.Мусабековты Сарыағаш аман-есен, сап-сау күйінде «УҰИ»-нан  алып шығып,  Шымкент  қаласында орналасқан «СИЗО»-ға этапппен  әкеле жатып, жол-жөнекей  «азаптап, ұрып соққан «айдауыл» (конвой) қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғатып,  істі сотқа дейін жеткізу;

г) Күдікті  М.Мусабековтың денесінде жарақаттарды анықтап сот-медициналық сараптама Қорытындысын шығарған,   Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «СОТ САРАПТАМА ОРТАЛЫҒЫ « РМҚК  Шымкент қаласы бойынша сот сараптамалар институтының маманы К.Н.Бекмуратовқа   қатысты қылмыстық іс қозғатып,  істі сотқа дейін жеткізу;

  Құрметті генерал-майор  Қ.Дәлібеков, осы төрт НҰСҚАНЫҢ бірін таңдап нәтиже шығарсаңыз, онда сіз «Бір оқпен үш қоян атып» халықтың алғысын арқалап,  ішкі-істер органдары қызметіне орасан зор үлес қосқан  генерал болар едіңіз....

  Ал егер де, осындай айғақты дәлелдермен,  ешқандай  шара көрмесеңіз онда сіз, жазықсыз  сотталған Мусабеков Мадиге Сарыағаш аудандық полиция қызметкерлері тарапынан «азаптау», яғни заңсыз тергеу амалдары қолданылғандығы «тайға таңба басқандай» көрініп тұрса да, генерал-майор Қ.Дәлібеков өз әріптестерін «Қарға баласын, аппағым  дейді» дегенді келтіріп,  «сырғытпа» жауабымен қол астындағы  «бандиттерін» қылмыстық жауапкершіліктен құтқарып тұрған  басшы ретінде  халық санасында  мәңгі қалуыңыз бек мүмкін!

  Құрметті, генерал-майор Қ.Дәлібеков  «қылмысты жасыру»  фактісі бойынша  қылмыскер атанғыңыз келмесе, М.Мусабековтың  арызы негізінде қозғалып, соңынан «сиырқұйымшықталып» «тоқтамға» алынған қылмыстық  ісін тез арада қайта жандандырып, өзіңіздің жеке қадағалауынызға алуыңызды сұраймыз.

  Мінеки, құрметті   Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев пен  бас прокурор Ғ.Нұрдаулетов мырза!

  Түркістан Ішкі істер Департаментінің бастығы генерал-майор Қ.Дәлібековтың, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің бастығы орынбасары Бауыржан Куатовтың, Турсынов Азиз бен Мухан есімді лауазымды мемлекеттік қызметкерлеріңіздің жасап жатқан іс-әрекеттері  әзірге осындай.

  Құрметті министр мен Бас прокурор мырза, осы фактілерге қатысты қызметтік тексеру жүргіздірп, Абылай ақсақалдың әділдікке жетуіне ықпал жасайды деп үміттенеміз....

  Өйткені ЗАҢ  ХАНҒА ДА, ҚАРАҒА ДА ОРТАҚ!!! Ол жағын сіздер де жақсы біледі деген ойдамыз!  Жоғарыда аталған сарыағаштық полицейлер өз жазасын алады ма, алмайды ма???

  Құрметті Ерлан Заманбекұлы және  Ғизат Дәуренбекұлы, сауал бізден, жауап сіздерден...

Н.Д.Мамыкова

P.S.
Арызданушы Абылай Мусабековтың арызы өз нәтижесін көргенге дейін «Саясат-ақпарат» газеті бұл мәселені өз бақылауына алатындығын ескертеді.

 

 


Сұрақ, шағым, арыздар бойынша бізге хабарласыңыз: 
Сілтеме: Адалдық үшін бірге күресетін боламыз!  

  ҰҚСАС ТАҚЫРЫПТАР:

1. Полицейлер бір тәулік ішінде 852 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады
2. Полицейлер есірткінің заңсыз айналымы саласында 51 қылмыс анықтады
3. Қазақстанда Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді
4. Сарыағашта істемеген қылмысты қинап мойындататын "оперлерге" бір тоқтам бола ма?
5. Сот орындаушылар үйлерінен шығарып жіберген: Алматыдағы көпбалалы отбасы баспанасын кері алды

0 пікір