«SENAT OPEN»: ШАХМАТ ТУРНИРІНІҢ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ
«SENAT OPEN»: ШАХМАТ ТУРНИРІНІҢ ІРІКТЕУ КЕЗЕҢІ БАСТАЛДЫ
19.05.2024 14:21
20
0

         Әлемде шахмат – ақыл-ойды ­дамытатын спорт түрі болып саналады.  Шахмат  адамды жылдам ойлауға, шешім қабылдауға және қадам жасауға итермелейді. Ойнау логикасы зейінділікті дамытуға, әр алуан варианттарды жылдам әрі дәл есептей білуге, жеңіске жетуге деген ерікжігерді қалыптастыруға және басқа да моральдық қасиеттерді тәрбиелеуге көмектеседі. Шахмат ойыны – бұл адамның мінез-құлқын өзі басқарумен анықталатын қоғамдық тәжірибені қалыптастыруға арналған жағдайлар негізіндегі іс- әрекеттің бір түрі. Сондықтан, адам баласының дүние танымы кеңейеді, сөздік қоры, ойлау қоры дамиды, білім сауаттылығы математика, физика, химия сияқты пәндерге көп септігін тигізеді. Логикалық ойлау қабілеттерін дамытады.

         Шымкенттегі Көрме орталығында «Senat Open» шахмат турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Турнирге қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғам белсенділері, мәслихат депутаттары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып отыр.

—Президентіміз Қасым-жомарт Кемелұлы Тоқаев әділетті Қазақстанды құру жолында адал ұрпақ тәрбиелеу керек екендігін, ол адал ұрпақтың деңгейі биік, парасат-пайымы жоғары болуы керектігін айтып келеді. Осы тұрғыда шахмат спортын дамыту туралы Үкіметке де тапсырма беріп, кешенді жоспар жасаған болатын. Сондықтан да қазіргі уақытта әуесқой шахматшылар арасында осындай ойындарды ұйымдастыру қолға алынып отыр. Шахматтың функционалды ойлау жүйесін арттыруға, есте сақтау қабілетін дамытуға көмегі зор. Бүгінгі ойынға 86 жастағы қариямыз да келіп қатысып отыр, ешқандай жас шектеуі жоқ. Бұл өскелең ұрпаққа үлгі болатындай іс екені анық, – деді қалалық мәслихат депутаты Бахадыр Нарымбетов.

Ойынға 70-ке жуық әуесқой шахматшы қатысып отыр. Турнир FIDE ережесіне сәйкес өтуде. Шахмат турнирі 7 турдан тұрады. Әр турға 15 минут уақыт беріледі. Бүгінгі ойын шамамен кешкі 16 00ге дейін созылмақ. Іріктеуден үздік шыққан 25 үздік шахматшы Алматыда өтетін жартылай финалға жолдама алады.

0 пікір