Сенаторлардың Сыр өңіріндегі жүздесулері
Сенаторлардың Сыр өңіріндегі жүздесулері
12.01.2021 10:27
200
0

  Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ляззат Сүлеймен Қызылорда облысында жұмыс бабындағы сапарда болып, Жаңақорған және Шиелі ауданының қарттарымен, мұғалімдермен, дәрігерлермен, құрылысшылармен, серіктестік ұжымдарымен кездесу өткізді.

  Сенат депутаттары Жаңақорған ауданындағы заманауи құрал-жабдықпен жабдықталған «Orda-Сығанақ» шипажайындағы қызметкерлерімен кездесу барысында туризм саласына қатысты мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдіктер мен қолдаулар туралы жан-жақты әңгіме қозғалды. Сенаторлар сондай-ақ, шипажайдағы сауықтыру үрдісімен, сервистік қызмет көрсету деңгейімен танысты.

  Аудандық орталық стадионда спортшылармен және нұсқаушылармен кездесу барысында жақында еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша түзетулер қабылдау туралы заңның негізгі мақсаттары мен міндеттерін толықтай түсіндіріп берді. Атап айтқанда, балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтары және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлері желісін кеңейту, білім берудің барлық деңгейлеріндегі дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлерінің міндетті бөліктерін енгізу туралы айтылды. Сондай-ақ халықпен жұмыс істеу үшін спорт жөніндегі нұсқаушыларды штаттық бірліктермен қамтамасыз ету, балаларға арналған спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелері үшін мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру тәртібін енгізу мәселесі де қозғалды. Депутаттар Жаңақорған ауданының спортшылары республикалық деңгейде жақсы көрсеткіштерге жетіп келе жатқандарына ризашылығын білдірді.

  Депутаттар аудандағы 600 балаға арналып салынып жатқан орта мектептің құрылыс алаңында болып, құрылысшыларымен кездесті. Кездесу барысында құрылысшылардың еңбектері әрқашанда елеулі екенін айтып, айлық мәселесіне, еңбек шарттарына қатысты пікірлермен алмасты. Мектеп құрылысы ағымдағы жылы аяқталып 1 қыркүйекте қолданысқа берілетіні айтылды.

  «Жұмыс барысында қандай да бір келеңсіз мәселелер туындап жатса, біз өздеріңізге көмек қолын созуға әрқашанда дайынбыз», - деді сенаторлар кездесуде.

  Сенаторлар Шиелі ауданына арнайы барып, аудандағы цемент зауытының жұмысшылармен кездесті. Зауытта 260 адам еңбек етеді. Зауыттан шыққан 40 пайыз цемент Өзбекстан еліне экспортталады. Құрылысшылар өнімнің қалған бөлігі Түркістан, Қызылорда, Ақтөбе облыстарына жөнелтілетінін, қазір зауыт жұмыстары айтарлықтай алға жылжығанын, мұндағы жұмыс қарқыны да күшейе түскенін айтты.

  Депутаттар одан кейін аудандық көпсалалы ауруханаға ат басын бұрып, дәрігерлермен кездесті. Онда 2020 жылы қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті толықтай егжей-тегжейлі түсіндіріп, жан-жақты талқыланды және 2025 жылы дәрігерлердің ең төменгі жалақысы көбейетіні айтылды. Сонымен қатар, елімізде орын алған пандемияға байланысты дәрігерлердің атқарып жатқан жұмыстарына ризашылығын білдіріп, алғыстарын жеткізді.  

  Сенаторлар «Шиелі индустриалды-аграрлық» колледжіне болған кезде оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысып, 100 балаға арналған жатақханасын аралады, мұғалімдермен кездесті. Жүздесу кезінде мұғалімдер қашықтықтан оқытуды тоқтатып, қайта оффлайн жүйесіне көшу туралы айтты.

  Шиелі ауданының қарттарымен кездесуде сенаторлар елімізде атқарылып жатқан ауқымды істердің нәтижелі жүзеге асырылып жатқандығы туралы жан-жақты пікір алмасып, ашық диалог жүргізді. «Ардагерлер туралы» заңының мүмкіндіктері мен міндеттері туралы айтылды. Мұрат Бақтиярұлы және Ляззат Сүлеймен кездескен аудан қарттары өздерінің өтініштері мен ұсыныстарын айтып, көкейлеріндегі сұрақтарға тиісті жауаптар алды.

   Аймақтағы барлық кездесулер барысындағы құрылысшылар, шипажай, зауыт жұмысшылары,  мұғалімдер, дәрігерлер, аудан қарттары арасындағы пікірлесулер жақсы деңгейде өтіп, қажетті ақпаратпен хабардар етілді.  

 

Дереккөз: ҚР Парламент Сенатының ресми сайты

0 пікір