ШЫМКЕНТ: ЖАҢАТАЛАПТАҒЫ 1361 АБОНЕНТ САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛДЫ
ШЫМКЕНТ: ЖАҢАТАЛАПТАҒЫ 1361 АБОНЕНТ САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫМЕН ҚАМТЫЛДЫ
20.10.2022 18:10
32
0
Республика күні қарсаңында Шымкенттің “Абай” ауданына қарасты “Жаңаталап” елді мекеніндегі подстанция іске қосылды. Енді жергілікті 1361 үй сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Салтанатты шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, жергілікті халықтың қуанышына ортақтасты.
Берілген уәденің уақытылы орындалғанына дән риза халық әкімге алғысын жаудырды.
“Біздің бірнеше жылдан бергі мақсатымыз орындалды. Халықпен етене жұмыс істейін ашық үкімет осындай болар. Тұрғындардың уәжін тыңдап, соны жүзеге асыру үшін елді мекенімізде құрылыс жұмыстары былтыр басталған еді, міне енді бір жылға жетпей, бекітілген мерзім ішінде сапалы электр энергиясын тұтынатын болдық”,-деді көпшілік.
Айта кетейік, Жаңаталапқа 42,190 шақырым электр желісі тартылып, 21 трансформатор мен 1312 бағана орнатылған. Тұрғындар электр қуатын бүгінге дейін жекеменшік желіден тұтынып, әр кВТ үшін 27-30 теңге аралығында төлем жасап келген. Енді олар бұрынғыдан қарағанда тиімді бағамен, яғни 17,9 теңгемен төлем жасайтын болады.
Қазіргі уақытта құжаттары дайын үйлерге абоненттеу жұмыстары жүргізілуде.
Жыл соңына дейін “Достық”, “Тұран”, “Нұртас”, “Сәуле”, “Жаңаталап” және “Солтүстік саяжай” елді мекендеріндегі құрылыс жұмыстары толықтай аяқталады. Құрылыс жұмыстары 100% орындалып, жоспарға сай 2023 жылдан бастап мегаполис тұрғындары электр қуатынан тапшылық көрмейтін болады.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте қазіргі таңда, электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз. Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылды.


0 пікір