ШЫМКЕНТ - ЖАРЫҚ ҚАЛА
ШЫМКЕНТ - ЖАРЫҚ ҚАЛА
08.11.2022 20:43
93
0
Шымкент қаласының инфрақұрылымын жүйелендіру мақсатында «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру саласы автоматтандырылуда. Көше жарығы диспетчерлік орталық ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап өз жұмысын бастаған болатын.
Орталық арқылы әзірше қала аумағындағы 97 көшенің жарықтандыру жүйелері толықтай басқарылуда. Яғни, істен шыққан жарықшамдар кері байланыс арқылы автоматты түрде мониторда көрсетіледі және түнгі мезгілде көлік қозғалысы баяулаған кездерде жарық беру пайызы автоматты төмендейді. Бұл электр қуатын едәуір үнемдеуге септігін тигізеді.
Бүгін аталған орталыққа қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып, операторлардың диспетчерлік жұмысы мен бірегей жобаның мүмкіндіктерімен танысу барысында, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында басқа да жаңа технологияларды зерттеп, қала өміріне енгізуді тапсырды.
Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 324-і жарықтандырылған. 2024 жылы барлық көшелерді 100 % автоматтандыру жоспарланған.
Сонымен қатар, үшінші мегаполисте қала орталығынан шалғай орналасқан білім беру мекемелерінің жанында қауіпсіздікті сақтау бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда Бозарық тұрғын алабы мен Бозарық саяжайында орналасқан білім беру мекемелерінің қасынан өтетін жолдың бойында Қаратау аудандық әкімдігі мен полиция департаментінің мамандары қауіпсіздік белгілерін, жылдамдық кедергісін орнатты, жаяу жүргіншілер жолағын сызды.
Ұлағат көшесінің бойындағы №57 мектептің алдынан ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салу мақсатында жол белгілері және жасанды жол кедергісі орнатылды. Сонымен қатар, Ұста-Мухамад, Бостандық көшелеріне 8 аялдама орнатылды. Қазіргі таңда тұрғын алабтағы орталық көшелермен ауыр жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Тиісті жол белгілері орнатылып, полиция қызметкерлері кезекшілік етуде.
0 пікір