ШЫМКЕНТ – ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ БАЙ ӨЛКЕ
ШЫМКЕНТ – ЖАСЫЛ ЖЕЛЕККЕ БАЙ ӨЛКЕ
14.05.2024 12:59
15
0

     Әлемде бүгінгі таңда экология мәселесі бірінші орынға шықты. Адамзаттың табиғат байлығын ретсіз пайдалануы салдарынан қоршаған орта зор зиян шегуде. Әсіресе, ірі мегаполистерде көлік пен өндіріс орындарынан шығатын түтіндер тұрғындардың денсаулығына теріс әсерін тигізіп жатқаны жасырын емес. Сондықтан көгалдандыру, жасылдандыру мегаполистердің негізгі стратегиялық мақсатына айналып отыр. Соның ішінде республиканың үшінші мегаполисі саналатын Шымкентте де бұл іске баса көңіл бөлініп келеді. Қаланы гүлмен көмкерудiң де өзiндiк себебi бар. Біріншіден, шаһар экологиялық жағынан таза болады. Көлiктен шығатын газдардан, улы заттардан тал егiп, гүл отырғызып арылуға болады. Елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бірреттік науқан емес. Қалалық сенбілікке қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Мемлекет басшысы қоғамда экология мәдениетін қалыптастыру, табиғатты аялау маңызды екенін атап өтті.  Осы орайда, Шымкент қаласында ағымдағы жылы 1 млн дана біржылдық гүл егу жоспарланып отыр. Бүгінде қаланың орталық көшелері, айналма жол, жол бұрылыстары және вазондарда гүл отырғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, Бәйдібек би және Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан «Хан қорғанына» 45 мың дана сальвия және антирринум біржылдық гүлі егіледі. Гүлдер композициясы казақи нақыштағы ою-өрнек пішінінде көмкеріледі.

    Ал, Еңбекші ауданында орналасқан №1 автожол бойындағы айналма жолға петуния, тагетес, катарантус сияқты жалпы саны 48 мың біржылдық гүл отырғызылады. Қаланың көрнекті орындарының бірі - Кабанбай батыр даңғылы мен Анаров көшесінің қиылысы, теміржол вокзалы тұсындағы айналма жол маңында да көріктендіру жұмысы жүргізілуде. Бұл аумақ шафран, сальвия және целозия секілді біржылдық гүлдермен толығып жатыр.

     Гүлдер арнайы ұңғыма арқылы суарылады. Бүгінде қарқынды жүргізіліп жатқан көріктендіру жұмысына мердігер мекемелердің арнайы агроном мамандары мен техникалары жұмылдырылған

0 пікір