
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Шымкент қалалық перзентханасында жаңа туған нәрестелерге шұғыл хирургиялық көмек көрсететін неонаталдық хирургия бөлімшесі өз жұмысын бастады. Бөлімшеде жаңа туған сәбилердегі туа біткен ақаулар мен кемістіктерді хирургиялық жолмен емдеу шаралары жүргізіледі. Мақсат – жатырда қалыптасқан патологияларды дер кезінде түзету арқылы сәбидің өмірін сақтап қалу және болашақтағы денсаулығын жақсарту.
Бөлімшенің негізгі бағыттары - туа біткен аномалияларды емдеу, жаңа туған және шала туған нәрестелермен жұмыс, кешенді тәсіл, гуманизацияланған күтім. Енді мамандар уақыт жоғалтпай ауыр дертке шалдыққан сәбилерге өмірінің алғашқы күндерінде-ақ перзентхана қабырғасында шұғыл хирургиялық көмек көрсете алады.
Бөлімше күрделі операциялар жасауға қажетті озық үлгідегі қондырғылармен жабдықталды. Сондай-ақ тәжірибелі мамандардан құралған штат жасақталды. Қазіргі таңда неонаталдық хирургтар – Әбдікаримов Н.Т., Байдуллаев Е.Е., неонаталдық анестезиолог-реаниматолог – Әлменов Б.А. қызмет атқаруда.
Бөлімше ашылған сәттен бастап перзентхана дәрігерлері 7 нәрестеге сәтті ота жасап, өміріне араша түсті.