
Шымкент қаласындағы «Көктем» базарының кәсіпкерлері енді жаңа үш қабатты сауда орталығында жұмысын жалғастыра алады. Жаңа ғимарат «Көктем» базарының жанында орналасқан және заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Сауда орталығының жалпы аумағы 7200 шаршы метрді құрайды. Мұнда кәсіпкерлерге тиісті жағдай жасалып, тауар түрлеріне қарай келесі бөлініс қарастырылған: бірінші қабатта сантехника және құрылыс материалдары, екінші қабатта күнделікті тұтыну тауарлары (көкөніс, жеміс-жидек, ет өнімдері), үшінші қабатта киім-кешек, ойыншықтар және басқа да тауарлар орналастырылады.
2025 жылдың 1 мамырына дейін кәсіпкерлер үшін жалдау ақысы алынбайды. Алғашқы үш айда жалдау төлемі мүлде болмайды. Кейіннен жалдау ақысы бұрынғы «Көктем» базарында белгіленген деңгейде сақталады. Мысалы, егер кәсіпкер бұрын 2x3 метр бутикті 25 мың теңгеге жалға алған болса, жаңа орталықта да осы мөлшерде жалдау ақысын төлейді.
Кәсіпкерлерге жаңа сауда орнына көшу тәртібі мен шарттары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сауда орталығы кәсіпкерлік қызметті қолайлы әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.