
Елімізде жыл сайын 19 қазанда кәсіби мереке – Құтқарушылар күні атап өтіледі. Биыл бұл мереке ерекше маңызға ие, себебі Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр.
Мерекелік жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, азаматтық қорғаныс жүйесін нығайтуға үлес қосқан сала мамандары мен ардагерлерді құттықтады. Салтанатты шара барысында үздік қызметкерлерге алғыс хаттар мен арнайы қызметтік көліктердің кілттері табыс етілді.
– Еліміздің қауіпсіздігі мен азаматтардың игілігі жолындағы жанқиярлық еңбектеріңіз – ерлік пен Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Сіздер адамдарды құтқару жолында күн сайын өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, борыштарыңызды абыроймен атқарып келесіздер. Баршаңызға зор денсаулық, отбасылық бақ-береке және қызметтеріңізге табыс тілеймін, – деді қала әкімі өз сөзінде. Шара аясында Ғ.Сыздықбеков Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған заманауи өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникаларының көрмесін аралап көрді. Қазіргі таңда қалалық ТЖ департаментінде мыңға жуық маман қызмет атқарады. 10 өрт сөндіру бекеті мен жедел-құтқару жасағы қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Қала аумағының кеңеюіне байланысты қауіпсіздікті күшейту бағытында жаңа өрт сөндіру бекеттері, сондай-ақ жедел жәрдем мен полицияны біріктіретін заманауи көпфункционалды орталықтар салу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары өртке қарсы сынақ зертханасы мен медициналық пункт ашылып, 43 жаңа құрал-жабдық сатып алынған. Құтқарушылардың кәсіби дайындығын арттыру мақсатында спорт және жаттығу алаңдары да салынды.