ШЫМКЕНТ: ҚОНАЕВ–РЫСҚҰЛОВ ЖОЛАЙЫРЫҒЫ РЕСМИ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ
ШЫМКЕНТ: ҚОНАЕВ–РЫСҚҰЛОВ ЖОЛАЙЫРЫҒЫ РЕСМИ ТҮРДЕ АШЫЛДЫ
25.10.2022 20:51
55
0

Үшінші мегаполистегі Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайырығы салтанатты түрде пайдалануға берілді. 25 қазан – Республика күніне арналған іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов және тиісті басқарма басшылары, мердігер компанияның жетекшілері қатысты.

– Бұл жолайырық былтырдан бері техникалық түрде ашылып, қала тұрғындары пайдаланып келеді. Жобаға қосымша жаяу жүргіншілерге арналған жерасты өткелдері салынып, айнала абаттандырылды. Бұл – мегаполистегі ірі жобаның бірі. Бәріңізге сәттілік тілеймін. Ұлттық мерекеміз құтты болсын. Аспанымыз ашық, еліміз аман болсын! – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімі бастаған топ шынар ағашының көшеттерін екті, жолайырықпен кеңірек танысып, жаяу жүргіншілер арналған өткелдермен жүріп көрді.
Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы өкілдері берген мәліметке сәйкес, қаланың бас жоспарына сәйкес қолға алынған жолайырықтың құрылысы 2020 жылдың қазан айында басталған. 2021 жылдың соңында, көлік кептелісін азайту мақсатында, техникалық тұрғыда көлік қозғалысы үшін ашылған болатын.
Зерделеу жұмыстарының нәтижесі бойынша 2019 жылы Қонаев даңғылы мен Рысқұлов көшесі қиылысының өткізгіштігі тәулігіне 27 775 көлік болса, бүгінде бұл көрсеткіш тәулігіне 66 мың көлікке жуықтайды.
Айта кетейік, Бәйдібек би мен Арғынбеков қиылысындағы жолайырық құрылысы қарқын алған.Үш деңгейлі жолайрық құрылысы 2022-2023 жылдар аралығында қаланың көлік қозғалысын реттеудің кешенді жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Жолайырық құрылысы аяқталғанда, көлік өткізгіштік деңгейі екі есеге артпақ. Жобаның техникалық сипатына орай Бәйдібек би даңғылы бойынан 700 метр, Арғынбеков көшесі бойынан 921 метр жол аралығы құрылыс аумағына енгізілген. Жолайырықта ені 80 метрлі төрт-алты жолақты автомагистраль салынып, жол жиегіне жаяу жүргіншілер және веложол төселеді деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта жолайырықтың Арғынбеков көшесі бойында тіреу қабырғаларын орнату және Бәйдібек би даңғылы бойында көпір өткелі конструкциясының негіздері темір-бетонды тірек конструкцияларының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.


0 пікір