ШЫМКЕНТ: ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ ӘЛЕУЕТІ ЖАҚСАРДЫ
ШЫМКЕНТ: ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ ӘЛЕУЕТІ ЖАҚСАРДЫ
12.08.2024 15:56
18
0

Шымкент республиканың үшінші мегаполисі болғанымен, мұнда агросектор саласына деген қолдау айрықша екенін айта аламыз. Кезінде көрші өңірдің қалаға іргелес жатқан аудандарынан қосылған елді мекендердің егістік жері есебінен қаланың ауыл шаруашылығы дамып отыр. Қала әкімдігі азық-түлік қауіпсіздігі мәселенін жүйелі түрде шешу үшін ауыл шаруашылығы саласында кластерлерді дамытуға күш салуда. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметі бойынша, биыл қалада кемінде 5 бағыттағы кластер қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Олардың арасында сүт өнімдерін өңдеумен, ет өнімдерін шығарумен, жеміс-жидек пен көкөністі сақтап, оны консервілеумен, балық өсіріп, одан дайын өнім шығарумен және омарташылықпен айналысатын кластерлер болады. Басқарманың деректеріне сүйенсек, қазірдің өзінде аталған бағыттар бойынша 13 инвестициялық жоба қолға алынған. Атап айтқанда, жемісті консервілейтін 3 фабрика, көкөніс сақтауға арналған 6 қойма, 1 құс фабрикасы мен 1 тауарлы сүт фермасы, өсімдік майын өндіретін 1 цех және 1 жылыжай кешені ашылады.

Бұрын тек егін салумен ғана айналысатын шымкенттік диқандар қазір саннан сапаға көшіп, жылыжай шаруашылығын, қайта өңдеу өнеркәсібін мықтап қолға ала бастады. Тіпті осыған орай шаһарда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдейтін «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы құрылып жатыр. Әлбетте, мегаполисте егін шаруашылығы қарқынды дамып кете қоймаса да, көрші өңірлерден келетін ауыл шаруашылығы өнімдерін қоймада сақтау, яғни, сауда-логистикалық қызметтер ұсыну немесе зауыттарда терең өңдеп, дайын өнім етіп шығару Шымкенттің басты артықшылығына айналмақ. Сондықтан да бүгінгі таңда қала әкімдігі жылыжай шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Осыған орай жергілікті шаруаларды есігінің алдында құлпынай секілді машақатты тірлік болса да табысы жоғары өнімдер өсіруге ынталандыру үстінде. Және де жылыжай шаруашылығын өркендету үшін түркиялық инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, арнайы жоба бойынша жүздеген гектар жерге жаңа жылыжай кешендері салынатын болады.
Қалада ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында өз қаражатымен кәсіп бастап, ірі кәсіпорынға айналдырған іскер азаматтар баршылық. Солардың бірі «Дары Сайрама» ЖШС басшысы, аталған серіктестікті іргетасынан өзі бастап қалаған кәсіпкер Сарманбай Сафаров ағамыз.
            Сайрам елді мекені бір кездері Сайрам ауданына қараған. Кеңес дәуірі тұсында мұнда Ленин атындағы ірі колхоз болған. Осындағы қалбырлау цехы да сол колхоз иелігіне қараған. Екі мыңыншы жылдары кәсіпкер әлгі ескі цехты сатып алады. Сөйтіп арада бірнеше жыл өткен соң жылжымайтын мүлкін кепілге қойып, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы жылдық үстемеақысы 6 пайызбен
500. млн теңге несие алады. Сол қомақты қаражатқа Болгария, Италиядан жадбықтар сатып әкеліп, қалбырлау цехын жаңа ғимарат ішінде қайта іске қосады. Осы күнде серіктестік көкөніс, жеміс-жидектен банкіге жабылған өнімдердің барлық түрін шығарады. Оның ішінде кампот, салат, маринадталған қызанақ, қияр, тосаптар бар. Осының бәрі ішкі-сыртқы нарыққа жөнелтіліп, жергілікті дүкендердің сөрелері мен сауда нүктелерінің қатарынан табылып отыр.
            «Дары Сайрама» ЖШС-нің өндірістік қуаттылығы жылына 10 млн банкіні құрайды. Кәсіпорында жүзден астам адам жұмыс істейді. Орташа айлық жалақылары 150 мың теңгенің үстінде. Серіктестік шикізатты жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алады. Жиырма шақты шаруа қожалығы кәсіпорынмен арнайы келісімге тұрған. Шаруалар өнімді жинап зауытқа әкеп келіскен бағасына өткізеді. Одан бөлек көктемгі дала жұмыстарына, өнімді күтіп-баптауға қажетті қаражатты шаруалар осы кәсіпорыннан алып отырады. Төңіректегі шаруа қожалықтарынан бөлек Сарыағаш, Ордабасы аудандарының аграршылары да зауытты шикізатпен қамтамасыз етеді. Әйтпесе бір ғана Шымкент, Сайрамның шаруа қожалықтарының үлкен кәсіпорынды шикізатпен қамтып отыруға шамалары келмейді. Жаздың күндері кәсіпорын негізінен өнімді өңдеп, дайын тауар шығарумен айналысса, күз түсіп, өнімдер қазан болған шақта әзірленген тауарларды саудалау ісіне көшеді. Бұл тірлік көктемнің басына шейін жалғасады. Наурызда парник, жылыжайда ерте піскен өнімдерді қайта сатып алып, қайтадан өндіріске кіріседі. Осылайша кәсіпорында жыл бойы тынымсыз еңбек еш тоқтамастан жүріп отырады.
«Мен іс-сапармен Түркия, Голландия секілді ауыл шаруашылығы жақсы дамыған елдерге көп барамын. Мақсатым – солардан тәжірибе үйреніп қайту. Бір байқағаным, бұл елдерде агросектор саласына мемлекет тарапынан көп жеңілдіктер жасалады. Үлкен егістік алқаптарында өнім далада шіріп қалып кетпейді. Сол жерде оларды өңдеп жіберетін кішігірім цехтары бар. Одан кейін адамдардың көбісі есігінің алдына шағын жылыжай салып сонда көкөніс өсірумен айналысады. Кейін өнім піскенде оны қайта өңдеуші ірі зауыттарға апарып өткізеді. Бұл жүйе бұрынғы кеңес заманынан қалған тұтынушылар одағы мен оған қарасты загатконторалардың тәсіліне ұқсас. Бұрын кеңестік дәуірде адамдар қорасындағы малының терісі мен жүнін, есігінің алдында өскен бау-бақша өнімдерін загатконтораға, яғни оларды қабылдап алатын пунктке әкеп өткізетін. Әрине тегін емес. Сол үшін мемлекет адамдарға ақша төлейтін. Әрі қарай тұтынушылар одағы қарапайым жұрттан жиған дүниелерді қайта өңдеуші зауыттарға өткізетін. Менің пікірімше сол ескі жүйені қайта қолға алып, бүгінті нарықтық қатынасқа сай бейімдеп, басынан іске асыру керек. Экономикалық тиімділігін есептеп шығарсақ, кооперация арқылы да жүзеге асыруға болатын сияқты. Мәселен ұсақ шаруа қожалықтарын кооперацияға біріктіріп, өңірдегі қайта өңдеуші бірнеше ірі кәсіпорынмен байланыстырса, шаруаларға тауарын өткізетін жер де табылады, зауыттар да шикізаттан кенде болмайды. Өзім он жылдан астам уақыт Қазығұрт, Сайрам аудандарында депутат болдым. Халық қалаулысы қызметін атқарып жүргенімде осы мәселені көп көтердім. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласында бұл мәселе әлі өзінің өзектілігін жойған жоқ деп есептеймін», - дейді кәсіпкер С.Сафаров.
Кәсіпкердің бұл ұсыныс, пікірі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауға айтқан сөздерімен үндесіп тұр. Былтырғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібіне көбірек көңіл бөлу маңызды іс екенін айтқан болатын.
Президент «Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз.
Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.
Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек» деген еді.
            Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау мақсатында бүгінгі таңда мегаполисте жоғарыда айтып өткеніміздей тамақ өнеркәсібі индустриясы қарқынды қолға алынып жатыр. Келешекте Шымқала ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын, тасымалдайтын ірі транзиттік хабқа айналады, сонымен бірге, дайын тамақ өнімдерін шығартын шаһар деген атпен де танымалдығы артады.
Енді қысқаша бүгінге дейінгі мегаполистің ауыл шаруашылығы саласында орын алған оңды көрсеткіштері туралы сөз қозғасақ, қаланың жалпы егіс көлемінің 26,5 мың гектарына дақылдар егіліп, биылдыққа 86 мың тонна өнім жиналады деген болжам бар. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының таратқан өзге де мәліметіне сүйенсек, егін шаруашылығын қолдауға мемлекеттен осы жылға 143.2 млн теңге қаржы қаралыпты. Оның басым бөлігі диқандарды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге жұмсалған. Сондай-ақ көктемгі егіс жұмыстарына 36 тоннадай жанар-жағармай бөлініп, ол толығымен үлестірілді. Биыл мегаполисте ауыл шаруашылығы бағытындағы 14 жоба іске асырылады. Олардың қатарында көкөніс сақтау қоймасы, тауарлы сүт фермасы, сүтті қайта өңдеу кәсіпорны, құс шаруашылығы, жылыжай кешені, мал бордақылау, көкөніс өңдеу, құрама жем дайындау зауыты секілді жобалар бар. Нәтижесінде жүзден астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады деп күтіліп отыр. Соңғы жылдары шаһарда қой-ешкі, ірі қара, жылқы мен құстың саны өскен. Соның есебінен мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі де артқан. Мәселен есепті кезеңде ет өнідірісі 4,5 мың тоннаға, сүт 30,4 мың тоннаға, жұмыртқа 86,3 млн данаға жетіп отыр.
Сондай-ақ, қала аумағында ветеринарлық, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 600 мыңға жуық ауыл шаруашылығы жануарларына түрлі жұқпалы ауруларға қарсы екпелер егілді.

0 пікір