ШЫМКЕНТ: ТІЛДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ
ШЫМКЕНТ: ТІЛДЕР КҮНІНЕ ОРАЙ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ
06.09.2024 15:54
28
0

«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте», - деді белгілі қазақ ақыны, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Али. 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданып, Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілді.
            Республика Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы Жарлығымен ана тіліне және өз еліне деген сүйіспеншілік пен құрметке тәрбиелеу және түрлі ұлттардың тілдері, дәстүрлері туралы білімдерін кеңейту мақсатында елімізде Қазақстан халқының Тілдер күні мерекесі бекітілді. Тілді қадірлеп-қастерлеу – әрбір адамзаттың міндеті. Тіл жоғалған жағдайда білдей бір ұлттың жоғалатынын ұмытпай, алдыңғы буын кейінгі буынға әрдайым айтып  отырса, жастардың өз халқының тілі, салт-дәстүрі, өнері, діні мен ділінің сақталып қалуына күресетіні сөзсіз.

5-ші қыркүйек қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, педагог, ғалым, публицист, түркітанушы, қоғам қайраткері, ағартушы, ұстаз Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырып “Қазақстан халқының тілдері күні” мерекесі болып бекітілген болатын.  Осы мерекеге орай бүгін қаламыздағы көп салалы М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де тіл жанашырларының бас қосуымен республикалық форум болып өтті. 

Форумның басты мақсаты- қазақ тілінің тек бір ұлттың емес, бүкіл халықтың ортақ қарым-қатынас құралына айналу қажеттігін жүзеге асыру. Қазақ тілін үйренуге, дамытуға және оны қоғамдағы барлық салада кеңінен қолдануға бағыттау, қоғамдағы ролін арттыру, сондай-ақ, көптілділікті насихаттау болды. 

Форумды Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бас орынбасары Мөлдір Убайдуллақызы Оңдасынова құттықтау сөзімен ашып, тіл жанашырлары мен  қоғам белсенділеріне марапат хаттарын табыс етті. 

Шара барысы “Тіл-қоғамның айнасы” тақырыбында шағын бейнеролик ұсынылып, Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Қалыбайқызының баяндамасымен жалғасын тапты. 

Сондай-ақ, “Тіл-қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Құрманжанқызының “Қазақ тілі және жасанды интеллект” тақырыбы аясында дайындаған баяндамасы ұсынылды. 

Ал, қалалық “Талант” жалпы білім беру мектебінің директоры Рахат Арғынбай тіл  мәртебесін көтеру жайында келелі ойларымен бөлісіп, тұжырымды ұсыныстарын ортаға салды.

Жиынның соңында форум қатысушыларына үндеу жарияланып, көрермендердің ой-пікірлері тыңдалды…

0 пікір