ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ІРІКТЕУ ТУРНИРІНІҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ
ШЫМКЕНТТЕ ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ІРІКТЕУ ТУРНИРІНІҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ
20.05.2024 13:46
23
0

        Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауының бір ерекшелігі — даму жолындағы мақсат-міндеттердің барлық сала бойынша нақты айқындалуы. Әсіресе спорт саласындағы мақсаттар мен орындалатын жұмыстар нақтыланып берілді. Біздің мақсатымыз осы бағытта тынбай еңбек ету болып табылады. Қазір әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді. Сондықтан әр маман өз саласындағы жетістіктерді саралап, өзін-өзі қамшылап, заман талабына сай жаңаны үйренуге тырысып жүруі керек. Спорт құрылымдарының көптеп салынуы қала тұрғындарының спортпен шұғылдануына жарыстарда спортшыларымыздың көк туымызды желбіретіп, жеңіске жетулеріне жақсы мүмкіндік туғызады. Осы орайда, Шымкентте Ұлттық теннис орталығында жастар арасындағы әлем чемпионатына іріктеу бойынша Дэвис кубогы кезеңінің ұлдар арасындағы сайыстың ашылу рәсімі өтті. Junior Davis Cup Азия/Океания аймағының іріктеу сайысына 16 жасқа дейінгі аталған аймақтың ең мықты жасөспірімдері бақ сынайды.

           Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев іс-шарада барша қатысушыларға сәттілік тілеп, сайыстың маңызы жоғары екенін атап өтті.

– Шымкент қаласына қош келдіңіздер. Әлем чемпионатына іріктеу сайысы биыл қаламызда екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – бізге артылған зор сенім. Шаһарда үлкен теннис спортын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда халықаралық теннис федерациясына, ҚР Теннис федерациясына және демеушілерге алғысымды білдіремін!, – деді қала әкімі.

          ҚР Теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев барша ұйымдастырушыларға рақметін жеткізді.

             Теннистен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына іріктеу Шымкент қаласында екінші рет өтіп жатыр. Жасөспірім ұлдар арасындағы іріктеу сайысына Қазақстан, Аустралия, Қытай, Гонконг, Үндістан, Индонезия, Жапония, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия, Таиланд, Вьетнам командалары қатысуда.

       Аталған турнирде Алматы және Шымкент қаласы, Түркістан облысының спортшылары ел намысын қорғайды.

 

0 пікір