ШЫМКЕНТТЕ АСҚАРОВ РУХЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
ШЫМКЕНТТЕ АСҚАРОВ РУХЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
20.10.2022 18:44
45
0
Бүгін Шымкентте мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, мемуаршы, зерттеуші Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы аталып өтуде. Айтулы жиын оның ескерткішіне гүл қою рәсімінен басталды. Асанбай Асқаровтың көзін көрген ел азаматтары мен ізбасарлары, зиялы қауым өкілдері жиналған кездесуді Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш.Мұқан ашты.
— Асанбай Асқарұлы —мемлекет және қоғам қайраткері, қабырғалы қаламгер. Биыл Асанбай Асқарұлының 100 жылдығы республика көлемінде Үкіметтің қаулысы негізінде аталып өтіп жатыр. Жамбыл, Алматы облыстарында аталып өтті. Бүгін Шымкентте тойланса, келер аптада Түркістан облысында жалғасын таппақ. Асанбай Асқарұлының қандай соқпақтардан өткенін, ел үшін қилы кезеңдерді бастан өткергені баршамызға белгілі. Ол болаттай беріктігімен ешбір сынақта сынбай, өзінің қайраткерлігімен ел есінде қалды. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында 4 бірдей бауырынан айырылса, 3 бауыры соғысқа аттанып, біреуі ғана елге аман оралған екен. Осындай тағдырлы азаматтан мемлекет қайраткері шығып, оның бар ғұмырын, күш-жігерін елдің өркендеуіне арнауы — біз үшін үлгі. Яғни, әрбір іргелі істің артында үлкен жауапкершілік пен тағдыр жатқанын көруге болады. 26 жылдай бірнеше облысты басқара жүріп, елді өркениетке жетелеген игі істің басы-қасынан табылды, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жиын қонағы, А.Асқаровтың қызы Жаннет Асанбайқызы кездесу барысында жылы естеліктерімен бөлісті.
— Біз Алматыдан айрықша алғысымызды, анамның сәлемін алып келдік. Асанбай Асқаровқа деген шымкенттіктердің ыстық ықыласы, құрметі ерекше сезіліп тұрады. Әкеміз зейнетке шыққаннан бері де 30 жылдан астам уақыт өтсе де оның есімінің ел есінде сақталып, құрметтелуі бізді қуантады. Шымкентте А.Асқаровтың есімімен аталатын мектеп, көше, дендрологиялық бақ бар және ескерткіш орнатылды. Бұл — халықтың құрметі. Әкем — өз заманының батыры. Олай болуы да заңдылық. Себебі, ол отбасынан жырақта жүріп, ұлт пенен мемлекет мүддесі үшін еңбек етті. Өмірінің соңында тағдыры тәлкекке түссе де сынбады, - деді ол.
Жиын барысында Еңбек ардагері, металлург Аманәлі Әбдраманов Асанбай Асқаровпен бірге қызмет еткен жылдарды еске алып, оның азаматтығын, елді дамытып, өркендету жолында еткен елеулі еңбегіне тоқталды.
Айта кетейік, жиналған қауым гүл қою рәсімінен соң, А.Асқаровтың 100 жылдығына арналған ғылыми конференцияға қатысты.
0 пікір