ШЫМКЕНТТЕ БАСҚАРМА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АКЦИЯҒА АТСАЛЫСТЫ
ШЫМКЕНТТЕ БАСҚАРМА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ АКЦИЯҒА АТСАЛЫСТЫ
12.05.2024 13:46
27
0

            Қоршаған ортаның, табиғаттың неғұрлым таза болуы — адамзат денсаулығының мықты болуының кепілі. Үйдің тазалығы іргесінен, ауласынан көрінеді. Ал, таза көше мен көгал саябақтар елдің айнасы іспетті. Қоршаған ортасы таза елдің жаны да таза. Осындай мысалдарға толы «тазалық» сөзінің мағынасы терең. Жеке тазалықтан бастап, қоғамдық тазалыққа дейінгі әрекеттердің барлығы адамның шынайы ниетімен жасалатын дүние. Елімізде табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Экологиялық науқанға 17 облыс пен 3 қаланың тұрғындары жаппай қатысып, туған жерін, тұрған аумағын таза ұстауға үлес қосуда. Әр өңірдегі жастар ресурстық орталығының бастамасымен қолға алынған акция 5 аптаға жоспарланған.

         «Таза Қазақстан» республикалық акциясы 8 сәуір күні басталды. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі ресми түрде мәлімдеді. 5 аптаны айырықша атауларға бөліп, қоршаған ортаға қажетті жұмыстарды нақтылап та берді.

       «Таза Қазақстан» акциясының «Мөлдір бұлақ» апталығы аясында Шымкент қаласындағы арық атыздың бойы тазартылды. Апталық басталғалы бері «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Таза өзен», «Тазалық өзімізден басталады» сынды бірқатар экологиялық акциялар ұйымдастырылды.

          Аптап ыстықта көпшілік суға шомылатын Қошқарата бұлағының аумағы да ретке келтірілді. Мемлекеттік және коммуналдық мекеме жұмысшылары мен қоғам белсенділері саябақтағы ағаштардың түбін де әктеп, орындықтарды сырлады.

        Елді бірлікке, тазалыққа насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясын өткізуге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде тапсырма берген болатын. Бұл тазалықты насихаттап қана қоймай, ел-жұрттың басын біріктіретін рухани маңызы бар.

           Ұрпақты тәрбиелеу үшін ең алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Айналаны таза ұстап, қоршаған ортаға құрметпен қарасақ, тазалыққа жаны жақын ұрпақ қалыптасатыны ақиқат. Рас, «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Жадыңда, жанарыңда, жүрегіңде ғана тұрар ақ мекен, көркем өңір, әсем өлке өсер ұрпағына да нұрын сыйлап, ғасырлардың көшінде жасанып, жайнап, жаңғыра берсін!

0 пікір