ШЫМКЕНТТЕ БЕЛСЕНДІ АРДАГЕРЛЕР «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» НАУҚАНЫНДА
ШЫМКЕНТТЕ БЕЛСЕНДІ АРДАГЕРЛЕР «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» НАУҚАНЫНДА
02.05.2024 12:02
21
0

        Қасиетті қара жердің қадірін тайраңдап жүру үшін ғана емес, таянып тұру үшін де сақтау – ең жауапты міндет екенін ұмытпағанымыз жөн. Өмірде өзектілігін де, қажеттілігін де жоғалтпайтын екі ереже бар. Ол – тәртіп пен тазалық, егер сақтансаң, сақталасың. Бүгінгі таңда қоршаған ортаны қорғау бүкіл қоғамның мәселесіне айналғаны баршаға аян. «Таза болса жеріміз, аман болар еліміз» деген қанатты сөз бекер айтылмағанындай Шымкентте “Таза Қазақстан” акциясының “Өнегелі ұрпақ” апталығы басталып, көптеген іс шаралар ұйымдастырылуда. Бүгінгі іс-шарада қаламыздың тазалығына ардагерлер үлес қосты. Аға буын өкілдері жас буынға үлгі көрсетті десек болады. Абай саябағына жиналған белсенділер «Ұрпақтар сабақтастығы» атауымен ата мен немеренің бірлесіп атқарған еңбегіне куә болды.

       Осындай үлгі мен даналықты дәріптеп, кейінгі жас ұрпақтың бойында табиғатқа, қоршаған ортаға деген жанашырлық, қамқорлық сезімдерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған бұл іс шараға қаладағы бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

– Өз қаламызға қамқорлықпен қарау – әр азаматтың борышы. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкентте көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін «Өнегелі ұрпақ» апталығына орай немерелерімізбен бірге саябаққа келіп, тазалық жұмыстарына қатысып жатырмыз. Өсіп келе жатқан балаларымызға, жастарға өнеге үлгі болсын деп атсалысып жатырмыз. Ал жастарымыз үлкендерге, қарияларға, ардагерлерге көмек көрсетіп, игі істермен айналысуда. Осыған үлкен алғысымды білдіремін, – Кенжехан Төлебаев.

    350-дей адам қатысқан тазалық жұмысында қариялар мен ардагерлер ерікті жастарға тазалау, шөптерді ору, қоқыстарды шығару, ағаштарды әктеу жұмыстарына қол көмек беріп, ақылдарын айтып, жол көрсетті. Әсіресе қариялар осындай игі істің Ұлы жеңіс күні қарсаңында өткеніне қуанышты. Тазалық — саналы адамзаттың белгісі. Қаланың көркін әдемілеуде тазалық жұмыстарын тиянақты орындау — басты назарда.

0 пікір