ШЫМКЕНТТЕ БЕС ЖҰЛДЫЗДЫ ҚОНАҚ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
ШЫМКЕНТТЕ БЕС ЖҰЛДЫЗДЫ ҚОНАҚ ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
18.06.2024 14:29
53
0

Шымкент шаһары, қазақ жеріндегі ең қонақжай, меймандос қаланың бірі ретінде кеңінен танымал ғой. Бұған ешкім шүбә келтірмес. Күні қандай ыстық болса, тұрғындарының пейілі де сондай дархан. Шымкентке қадам басқандардың қайта келгісі кеп тұратыны да сондықтан шығар, бәлкім. 2200 жылдық терең тарихы бар Шымкент шаһары туризмнің де ордасы. Тіпті Шымкентті Түркістан облысының туризмдегі қақпасы десек те артық емес.

Шымкент бір замандарда «Ұлы Жібек жолының» ең бір күре тармақтарының бірі есебінде танылғанын тарихтан білеміз. Сол себепті саяхатшыларды көбірек тартып, Шымкент туризмін түлетуге барынша маңыз берілуде.       Шымшаһар ежелден бірлік пен достықтың қаласы ретінде ерекше танымал. Қаламызды түлетуде қолға алынып жатқан жоғарыдағы ірі жобалар шаһардың одан сайын көркейіп, дами түсуіне жағдай жасары сөзсіз. Қазақстандағы туризм қазіргі таңда елеулі басымдық беріліп, жыл сайын даму қарқын алып келе жатқан перспективалы сала. Ресми статистика бойынша, Қазақстанға келуші туристер саны бойынша 20 өңірдің ішінде Шымкент алғашқы үштікке ие болып отыр. Әсіресе, Шымкент - республикалық маңызы бар үшінші мегаполис ретінде инвестициялық ахуалға ие болу нәтижесінде, қалаға келуші туристердің саны да жыл санап артуда.

         Шымкентте бес жұлдызды қонақ үй бой көтермек. Осыған орай бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әйгілі «Hilton» халықаралық желісінің қонақ үйінің құрылысы аумағында капсула салу рәсіміне қатысты. Шымкент сити шағынауданында іргетасы қаланған бес жұлдызды қонақ үйді ашу 2026 жылға жоспарлануда.

         Мегаполис басшысы қонақ үй кешенінің жобасымен танысып, оның құрылысын бастауды тапсырды.

Жалпы жаңа заманауи қонақ үйлердің пайда болуы қалаларды тартымды етіп, туризмнің дамуына айрықша серпін береді. Сонымен бірге әкімнің пікірінше «Мұндай нысандар туристік әлеуетті дамытуда ғана емес, қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыруда да маңызды. «Hilton» - әлемге әйгілі бренд. Болашақта қонақ үй қаламызды толықтырып, туристер мен барлық қонақтар үшін тартымды етеді».

Құрылыс жобасына сәйкес қонақ үйде 167 бөлме, ballroom, мейрамханалар, фитнес-орталық және бірнеше конференц-зал бар. Ал ауқымды құрылыстың арқасында 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Сонымен қатар, қала әкімі ұлттық стильде салынған «Qazaq Hotel» қонақ үйіне барды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 30 жұмыс орны құрылды. Жаңа қонақ үйде 64 заманауи және жайлы бөлмелер бар. Қонақтардың жайлылығы үшін қосымша қызметтер – мейрамхана, SPA-салон, конференц-зал және автотұрақ қарастырылған.

0 пікір