Шымкентте білім ошақтарының саны артуда
Шымкентте білім ошақтарының саны артуда
15.09.2022 21:53
41
0

Шымкентте жаңа оқу жылы 223 мектепте басталды. Білім ошақтарының саны былтырмен салыстырғанда 20 мектепке көбейді. Оның ішінде 152 мектеп – мемлекеттік оқу орындары. Тиісінше, оқушылар саны 242 525 баланы құрап отыр.

Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиева БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. Жанат Арысбекқызының мәліметінше, 2022-2023 оқу жылында 1 сыныпқа 28 мың оқушы қабылданып, былтырғы тиісті көрсеткішпен салыстырғанда 3 мыңға көбейген. Тек Шымкентте ғана емес, елімізде оқушылар саны жылдан-жылға көбейіп, мектеп саны өзекті тақырыпқа айналғаны қашан!? Осы келеңсіздікті жою үшін ел Президентінің тапсырмасы да бар.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылдың соңына дейін Қазақстан бойынша 1000 мектеп соғылады. 2021 жылы 277 мектеп пайдалануға берілді. Ал биыл 230 мектепті ел игілігіне беру жоспарланып отыр. 1 қыркүйек күнінде 80 білім ошағы ашылады, – деді Қазақстан Республикасының оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев.
Бұл орайда үшінші мегаполисте де тындырымды жұмыс атқарылуда. Қаланың 2021-2025 жылдардағы даму жоспарында білім саласына баса назар аударылған. Мысалы, 2025 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткішін 95 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте 101 мектеп ашу жоспары қойылған. Қазіргі таңда қаламызда жалпы 861 білім беру ұйымы бар. Олардың ішінде 223 мектеп, 577 балабақша, 37 колледж, 11 қосымша білім беру және 13 арнайы мектеп жұмыс істейді. Баршаңызға белгілі, еліміз бойынша биыл мектептерде сабақ өту 5 күндік жүйеге көшті. Оның ішінде, Шымкент қаласында 3 ауысымда білім берілетін 5 мектептен басқа 218 білім ошағы 5 күндік жүйеге ауысты. 45 мектепте – 1 ауысыммен, ал 173 мектепте 2 ауысыммен сабақ өтіледі. Қаламызда оқушылар санының көбеюі демографиялық ахуалға тікелей байланысты. Яғни, бала туу көрсеткіші артып, агломерация миграциясы да үлесін қосуда. Осыған орай мектеп санын көбейту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Атап айтқанда, биыл қаламызда жыл соңына дейін 25 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Олар жалпы саны 13 мың оқушыға лайықталған, – деді Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.

0 пікір