
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баспасөз өкілдерімен өткен кезекті жиында білім беру саласының қазіргі ахуалы мен 2024–2025 оқу жылының аяқталуына байланысты жоспарларды ортаға салды. Баспасөз мәслихатында жазғы демалысты мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру мәселесі негізгі тақырыптардың бірі болды.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, білім беру – еліміздің үшінші мегаполисіндегі басым бағыттардың бірі. Бүгінде шаһардағы 290 мектепте 271 мыңнан астам бала білім алуда. Оның ішінде мемлекеттік мектептерде – 206 395, жекеменшік білім ошақтарында – 64 921 оқушы оқып жатыр.
Оқу жылының соңында 9-сыныпты 24 264 оқушы тәмамдайды, олардың 1 423-і үздік аттестатқа үміткер. Ал 11-сыныпты аяқтайтын 15 891 түлектің ішінен 670-і «Алтын белгіге», 1 078-і үздік аттестатқа ұсынылған. 2025 жылғы 23 мамыр – оқу жылының ресми соңғы күні ретінде белгіленіп отыр. Бұл күні қала мектептерінде «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаттары ұйымдастырылады. Аталған шара – жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруды мақсат етеді. Сонымен қатар оқушылар арасында эссе жазу байқаулары да өтеді, негізгі тақырыптар – «Адал азамат», «Таза Қазақстан» және «Заң және тәртіп».
Қорытынды емтихандардың уақыты да нақтыланды:
– 9-сынып оқушылары үшін: 29 мамыр мен 10 маусым аралығы;
– 11-сынып түлектері үшін: 30 мамыр мен 16 маусым аралығы.
Биылғы маңызды ерекшеліктердің бірі – барлық мектепте аттестат табыстау салтанатты түрде ұйымдастырылатын болады. Бұл ретте ата-аналардан немесе оқушылардан қаржы жинауға үзілді-кесілді тыйым салынған. Сәрсен Құранбектің айтуынша, бұл мәселе әкімдік тарапынан тікелей бақылауға алынып, мектеп басшыларына нақты тапсырмалар берілген.
Жиын барысында қосымша білім беру саласындағы жаңалық та жария етілді. Шымкент қаласында пилоттық негізде ваучерлік жүйе енгізілмек. Жоба «бір бала – бір орын» қағидасына сүйенеді. Яғни, әрбір бала өзі қалаған қосымша білім ұйымына бара алады, ал мемлекет сол қызметтің ақысын төлейді. Бұл тетік ата-аналарға таңдау еркіндігін ұсынып, қызмет сапасын арттыруға ықпал етпек.
Сондай-ақ әкім орынбасары әлеуметтік желілерде тараған түрлі қауесеттерге де жауап берді. Атап айтқанда, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуы жайлы айтылған сындарға тоқталып, 2% резерв қаражатының заң жүзінде бекітілгенін түсіндірді. Оның айтуынша, бұл қор – күтпеген жағдайларға шұғыл әрекет ету үшін қажет.
Жалпы, Шымкент қаласы әкімдігі білім беру саласындағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Жаңашыл бастамалар мен ашықтыққа негізделген тәсілдер арқылы қала мектептерінде оқу процесінің сапасын арттыру мен балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыс жалғасуда.