ШЫМКЕНТТЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА
ШЫМКЕНТТЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА
17.10.2024 01:16
32
0

Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Абай ауданында тазалық акциясы өтті. Асар-2 шағын ауданында ұйымдастырылған бұл шараға аудан тұрғындары, белсенді жастар, аудандық коммуналдық мекеменің қызметкерлері, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты. Қатысушылар Таңшапағы көшесінің бойын ретке келтіріп, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.

Абай ауданы әкімдігі ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – тұрғындарды тазалыққа шақырып, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Асар-2 шағынауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұхамедәлі Баубеков:

– Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы, міне, осы мақсатты көздейді. Сүйікті қаламызды таза ұстауға атсалысу – азаматтық борышымыз. Мұндай іс-шаралар көптеп ұйымдастырылса екен. Жалпы тазалық өзімізден басталады, – дейді Асар-2 шағынауданы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Мұхамедәлі Баубеков– деді.

Акцияға 200-ден астам адам мен 2 техника жұмылдырылды. Орталық Таңшапағы көшесінің бойы қоқыстан тазартылып, ретке келтірілді. Сонымен қатар, аудан аумағында әр сенбі сайын экологиялық акция өткізу жоспарланған.

 «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеріп, жас ұрпақты қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйретуді көздейді. Тазалық акциялары қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың табиғатты қорғау мәселесіне деген жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.

Тазалық – тек мемлекеттік шара емес, әр азаматтың міндеті. Осы тұрғыда әркім өз үйінің жанынан бастап, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауы тиіс. Аудан әкімдігі мен қоғамдық ұйымдар бірлесе отырып, тұрғындарды экологиялық мәдениетті арттыруға шақырып, тұрақты шараларды ұйымдастыруда.

Мұндай іс-шаралар қоғамды біріктіріп, экологиялық тәртіпті нығайтуға септігін тигізеді. Тазалыққа деген жауапкершілік – біздің болашағымыз үшін маңызды, сондықтан да халықты тазалыққа шақыру ісі үздіксіз жалғасуы керек. Шымкенттің тазалығы – қала тұрғындарының бірлескен еңбегімен жүзеге асырылады, және осы мақсатта атқарылған шаралар қала экологиясын сақтауға бағытталған.

0 пікір