ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА СТАДИОННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА СТАДИОННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
01.07.2024 15:02
69
0

Саламатты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткен адамның алар асуы да, бағындырар биігі де көп болмақ. Сондықтан шынығып, шымыр болуға ұлт болып ұмтылып келеміз. Соның жарқын дәлелі ретінде Шымкент қаласының аумағында бұқаралық һәм балалар спортын дамытудың дара даңғылы сәт санап қалыптасып келеді. Мәселен, қаламызда 35 мың көрерменге арналған жаңа стадион бой көтермек. Спорт кешені еліміздегі ең үлкен стадион болмақ. Қала тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, қаладағы спорттық инфрақұрлымның дамуына жағдай жасалып жатыр. Айта кетейік, мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында спорттық инфрақұрылымды кезең-кезеңімен салу арқылы бұқаралық және балалар спортымен айналысу үшін жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталған болатын. 

Болашақ стадионның іргетасын қалауға арналған іс-шараға дизайнерлер, құрылысшылар, спортшылар және қала тұрғындары қатысты. Қала әкімі құттықтау сөзінде жобаның Шымкент үшін маңыздылығын атап өтті.

– Жуырда Мемлекет басшысына қаланың 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп беруім барысында мегаполиске заманауи стандартқа сай стадион қажеттілігін баяндаған болатынмын. Президентіміз биыл жаңа стадионның құрылысын бастау туралы нақты тапсырма берді. Бұл аренаны Шымкент қаласында салу кездейсоқ қабылданған жоқ. Оңтүстік өңірі қашан да өзінің спорттық жетістіктерімен, таланттарымен танымал болғанын мақтанышпен айтып өткім келеді. Іргетасы қаланатын жаңа стадион Шымкент спортына жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жеңістер сыйлайды деп сенеміз,– деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит
Сыздықбеков. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Тұран-2 шағын ауданында жаңа стадионның құрылыс алаңына капсула салу рәсіміне қатысты. Тарихи оқиғаға футбол ардагерлері мен қоғам белсенділері, «Ордабасы» клубының қызметкерлері, бапкерлері мен ойыншылары, БАҚ өкілдері мен жергілікті футбол жанкүйерлері де куә болды. Стадион құрылысын 2026 жылы аяқтау жоспарлануда. Жаңа спорт нысаны халықаралық матчтарды өткізуге арналған УЕФА талаптарына сәйкес бой көтереді. Архитектуралық дизайнмен салынатын сәулетті стадион мегаполистің көркін арттырады. Шымкентте 1969 жылы салынған бір ғана стадион 18 мың адамға лайықталған. Заманауи арена халықаралық деңгейдегі спорттық іс-шараларды өткізуге, қаланың спорттық имиджін жақсартуға, жергілкті халықтың спортқа деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар туризмді дамытуға да ерекше серпін береді.

0 пікір