ШЫМКЕНТТЕ МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
ШЫМКЕНТТЕ МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
18.06.2024 14:05
136
0

Әлемде ешқашан өлмейтін, даму үстінде ғана жүріп отыратын мамандықтардың бірі – медицина саласы.  Медицинасы дамыған елдің болашағы жарқын болмақ. Өйткені медицина дамыса, елдің денсаулығы жақсарады, осылайша қоғам дамиды. Дамыған елдердің тәжірибелерін меңгеру арқылы озық елдердің қатарына енуді мақсат тұтқан еліміз соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына аса мән беріп келеді. Нәтижесінде жыл сайын салада өзгерістер орын алып, тіпті шалғай аудандардағы емханаларға заманауи аппараттар үлестірілуде. Ал мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбіріміздің денсаулығымызды бақылайтын ақ халатты абзал жандардың қоғам алдындағы еңбегі еселі.

Қоғамның ең басты құндылығы адам дейтін болсақ, барша қоғамның алдындағы өзекті мәселенің бірі – азаматтардың денсаулығын сақтау болып табылады. Дәрігер мамандығы – адамға деген шексіз сүйіспеншілік, қайырымдылық, өзгенің қамы деп соғатын ыстық жүректі ізгі ниет пен адамгершілікті қажет ететіні сөзсіз. Сондықтан да қоғамдағы өзге мамандықтар ішінде адам өміріне араша болатын дәрігерлердің еңбегі ерен.

Маусымның үшінші жексенбісі –медицина қызметкерлерінің күні. Осыған орай Шымкентте ақ халатты жандардың мерекесі атап өтілді. Денсаулық сақтау ісіне үлес қосқан дәрігерлер марапатталып, қажырлы қызметтеріне құрмет көрсетілсе, сала ардагерлері де назардан тыс қалмады. Шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысып, дәрігерлерге алғысын білдіріп, жеткен жетістіктеріне тоқталып, жемісті еңбектеріне сәттілік тіледі. Салтанатты жиында денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүрген медицина мамандарына «Еңбек ардагері» медалі, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен, «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Сондай-ақ, AMANAT партиясы, Шымкент қаласы мәслихаты да құттықтау лебіздерін білдірді.

         Жоғары білімді дәрігерлер де жыл өткен сайын көптеп келуде. Түптеп келгенде біздің ең қымбат байлығымыз – өміріміз осы сала қызметкерлерінің кәсібиліктеріне байланысты. Сондықтан да бұл сала иелеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның жанына дауа, дертіне шипа бола алатын да осы сала қызметкерлері. Ал денсаулық сақтау саласында талай жыл тапжылмай тер төгіп, еңбегімен елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген білікті жандардың  жүріп өткен жолы көпке үлгі деуге болады. Себебі тіршілікке нәр беріп, қалтқысыз қызметін ұсынып, мейірімділік пен жылылықты жанына серік еткен, игілікті мамандық иесі атанған олар қашанда сый-құрметке лайық.

0 пікір