ШЫМКЕНТТЕ ӨНЕРКӘСІП, КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ ҮСТІНДЕ
ШЫМКЕНТТЕ ӨНЕРКӘСІП, КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУ ҮСТІНДЕ
20.04.2024 13:20
43
0

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін айтқан болатын. Қазіргі таңда кәсіп жасаймын деген жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар өте көп. Пайызын төмен етіп қарызға ақша алып өз кәсібін ашып, оны дамыту жолында көп іс-әрекеттер жасалынады. Елімізде өз кәсібін дамытқан танымал кәсіпкерлер көп. Олар өздерінің бастан кешкен қиыншылықтары мен мәселелерінің шешуін тапқан жолдарын жас кәсіпкерлерге тренинг арқылы үйретеді. Бұл да бір кәсіптің түрі. Бастысы, адам бір орында қалып қоймауы қажет. Алға қарай адымдаған сайын адам белгілі бір жетістікке қол жеткізері хақ. Сондықтан әркез ізденісте, қимылда болғаны дұрыс.

Мемлекеттік міндеттің бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Қоғамның тұрақты дамуының негізі саналатын осынау салаға билік тарапынан да ерекше көңіл бөлінген. Үнемі қозғалыста болып, қарап отыра алмайтын шымкенттіктер бұл салада да артта қалмайды. Істің көзін таба білетін еңбекқор халық мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, түрлі шағын кәсіпті қолға алған. Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тұрманов Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында 2024 жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстардың есебін беріп, 2024-2028 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды.


Е.Тұрмановтың айтуынша, жұмыс бекітілген индикаторларға сәйкес 7 бағытта іске аспақ. 2024 жылдың 3 айында Шымкент қаласына 98,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 110,9 пайызды құраған. Оның ішінде мемлекеттік инвестиция – 13,2 млрд теңге, ал жекеменшік инвестиция – 85,6 млрд теңге.
Жыл соңына дейін 928,7 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28,2 пайызға артады деген болжам бар.
Бүгінде Шымкентте 130 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында биыл
21,05 млрд теңге қаржы қаралған. Оның 18,65 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 2,4 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінген.
Одан бөлек, қаңтар-наурыз айларында қаладағы бөлшек сауда көлемі 191,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 108,9 пайызға ұлғайған.
Бөлшек сауда көлемінің артуына қаладағы сауда ойын-сауық орталықтарының құрылысы, жаңа сауда нүктелерінің ашылуы және базарларды модернизациялау ықпал етпек.

0 пікір