ШЫМКЕНТТЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАСЫН ӨТЕГЕН ЖАСТАР АРАСЫНДА ШАҒЫН ФУТБОЛ ТУРНИРІ ӨТТІ
ШЫМКЕНТТЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАЗАСЫН ӨТЕГЕН ЖАСТАР АРАСЫНДА ШАҒЫН ФУТБОЛ ТУРНИРІ ӨТТІ
21.11.2024 18:03
33
0

Шымкент қаласында жастар арасында шағын футбол турнирін өткізу дәстүрге айналған. Осы жолы, қалада қылмыстық жазасын өтеген жастарды әлеуметтік оңалту мен бейімдеу мақсатында «Жаңа өмір» жобасы аясында ерекше шара ұйымдастырылды. Іс-шара қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Қорған-М» қоғамдық бірлестігі тарапынан өткізілді.

Шараның негізгі мақсаты – қылмыстық жазасын өтеген жастарға психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету, сондай-ақ оларды қоғамға бейімдеп, қайта қылмыс жасауға жол бермеу. Сонымен қатар, турнир бұқаралық спортты насихаттап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталды. Бұл жобаның жастарға деген ерекше әсері бар, себебі спорттың әртүрлі түрлеріне қатысу оларды өз-өзіне сенімді етіп, болашақта өмірдің қиындықтарын жеңіл еңсеруге көмектеседі.

«Жаңа өмір» жобасы аясында ұйымдастырылған шағын футбол турниріне қаладағы 10 команда қатысып, өзара тартысты бәсеке көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қаржылай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастармен жұмыс жүргізу және отбасы құндылықтарын насихаттау бөлімінің басшысы Ақбота Оспанның айтуынша, мұндай іс-шаралар жастарға қажетті қолдауды көрсетіп қана қоймай, оларды қалыпты өмірге бейімдеуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, турнирдің жалғасатыны да атап өтілді, бұл жастардың әлеуметтік өмірде белсенді болуына ықпал ететін шаралар қатарын арттыруды көздейді.

Қалада бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған жастарға көрсетілетін көмек тұрақты негізде жүзеге асырылып келеді. Қалалық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда пробациялық есепте тұрған 35 жасқа толмаған 1098 жас бар. Олардың көпшілігі жұмысқа орналастырылған және әлеуметтік бейімделу курстарынан өткен. Жыл басынан бері 112 адам тұрақты жұмысқа орналасып, 843 адам ресми түрде еңбек етуде. Ал, 340 адам өзін-өзі жұмыспен қамтып, 41 адам жұмыссыз қалған.

Жобаның аясында психологиялық қолдау көрсету жұмыстары да қолға алынған. Биылдың өзінде осы бағытта 500 жасқа көмектесу үшін 20 психологиялық-консультациялық курс өткізілді. Бұл кездесулер жастардың өз-өздерін түсініп, өмірге деген оң көзқарас қалыптастыруына үлкен мүмкіндік береді. Қолдау шараларының бір бөлігі ретінде қайта қылмыс жасау қаупін төмендетуге, қаржылық сауаттылықты арттыруға және отбасы құндылықтарын насихаттауға бағытталған түрлі семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылуда.

Әлеуметтік бейімделу және кәсіптік дағдыларды дамыту мақсатында 10 семинар-тренинг өткізілді. Бұл тренингтер жастарға кәсіпкерлік негіздері мен өздерінің өмірлік дағдыларын жетілдіруге көмектесті. Осындай бағдарламалар жастарға жаңа мүмкіндіктер туғызып, оларды болашақта қоғамның пайдалы мүшелері болуға дайындалдырады.

Бұл жобалар жастардың қайта әлеуметтенуіне бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Жүйелі түрде атқарылып отырған шаралар арқылы қылмыстық жазасын өтеген жастар қайтадан қоғамға бейімделіп, өз өмірлерін дұрыс жолға қоюға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, спорттық іс-шаралар, психологиялық қолдау және кәсіптік бағдар беру сияқты кешенді тәсілдер олардың әлеуетін ашып, белсенді әрі қоғамға пайдалы азаматтар болуына ықпал етеді.

Жастар арасында спортты насихаттау, олардың психологиялық денсаулығын жақсарту және еңбек нарығына бейімдеу мақсатында осындай ауқымды жұмыстардың жалғаса берері сөзсіз.

 

0 пікір