
Шымкент қаласында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында «Таза қала» жалпы қалалық акциясы ұйымдастырылды. Шараға қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері, аудан әкімдіктері, коммуналдық мекемелер қызметкерлері, сондай-ақ тұрғындар мен еріктілер қатысты.
Әл-Фараби ауданында 335 адам мен 22 техника жұмылдырылып, 27 тонна қоқыс шығарылды. Жұмыс барысында қураған ағаштар кесіліп, шөп шабылды, қоқыс алаңшалары жуылып, жолдар мен аяқжолдар тазартылды. Тұран ауданында 426 адам мен 36 техника қатысып, 18,3 тонна қоқыс шығарылды. Мұнда да жасыл желектерді күтіп-баптау, бұталарды кесу және аумақтарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Ал Абай ауданында 400 адам мен 15 техника жұмылдырылып, 42 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жерде қураған ағаштар алынып, шөп шабылып, санитарлық тазалық жұмыстары орындалды.
Қала аумақтарында қосымша түрде жасыл желектерді күтіп-баптау, қоқыс алаңшаларын ретке келтіру, жолдар мен аяқжолдарды жуу секілді жұмыстар атқарылды. «Таза қала» акциясы Шымкенттің санитарлық жағдайын жақсартуға, қала келбетін көркейтуге және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталды.