ШЫМКЕНТТЕ ШЕТЕЛДІК БЛОГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН АҚПАРАТТЫҚ ТУР ӨТТІ
ШЫМКЕНТТЕ  ШЕТЕЛДІК БЛОГЕРЛЕРГЕ АРНАЛҒАН АҚПАРАТТЫҚ ТУР ӨТТІ
02.07.2024 00:10
31
0

Туризм – мемлекет жарнамасы. Әр аймақтың өзіне тән  тарихы, археологиялық қазбалары, табиғаты мен салт – дәстүрі бар. Айта кетейік, мемлекет басшысы туризм саласына ден қою керегін атап өткен болатын.

«Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», деді Қ. Тоқаев.

Жол түсіп, Шымкент қаласына сапармен келсеңіз, қазақтың тарихымен біте қайнасып жатқан ежелгі қаланың түкпір-түкпірін аралап қана қоймай, ата-бабадан қалған "ізді" көзіңізбен көріп, іштей сезініп қайтасыз. Жүздеген жылдар бойы Шымкент түрлі тарихи оқиғалардың куәсі болып келді. Шын мәнінде бұл шаһарда саяхаттау эстетикалық ләззат сыйлайтынын біреу білсе, біреу білмейді. 

Қаланың имиджін арттыру арқылы туристердің санын көбейтудің бірден-бір жолы – туристік нысандарды жарнамалау. Осы тұста, Шымкент қаласының туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының ұйымдастыруымен өткен 3 күндік іс-шараға Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Латвия, Мысыр, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің бірқатар өңірінен келген 30 travel-блогер қатысты.

Олар Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелерін, Қошқар ата өзенін, Сейітжан Қари мешітін, Дендропарк пен Зоосаябақты және Цитадельді аралап, өз парақшаларында қаланың туристік нысандары туралы материалдар жариялады. Әрбір блогердің 30 мың 400 000 мың аралығында оқырманы бар.

Оларға гастрономиялық дәстүрлі қазақ тағамдары, мұражайлар, креативті арт-кешендер мен саябақтар, өндірістік зауыттар таныстырылды.

          Шымкент ежелден-ақ саяхатшылар мен ғалымдардың назарын өзіне аударған. Терең тарихы бар шырайлы Шымкент шаhарының табиғаты мен ауа райы адамдардың өмір сүруіне және саяхаттап келген туристерге де өте қолайлы.Тарихқа, таңғажайып мәдениетке және тамаша табиғи сұлулыққа бай қала келген барлық келушілерге ұмытылмас әсер сыйлайды.

 

0 пікір