ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕР ИНСУЛЬТ ҚАУПІН ЖОЙЫП, ПАЦИЕНТ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛДЫ
ШЫМКЕНТТІК ДӘРІГЕР ИНСУЛЬТ ҚАУПІН ЖОЙЫП, ПАЦИЕНТ ӨМІРІН САҚТАП ҚАЛДЫ
08.07.2024 13:48
37
0

 Инсульт өмірге қауіп төндіретін патология болып табылады, өйткені ол миды қанмен қамтамасыз етудің кенет бұзылуымен сипатталады. Бұл жағдайда жүйке жасушаларының жаппай өлуі орын алады және олардың арасындағы байланыс бұзылады, сонымен қатар бір тәуліктен астам уақытқа созылатын және өлімге әкелуі мүмкін ошақты немесе церебральды неврологиялық белгілер пайда болады. Егер бұрын мұндай диагноз негізінен егде жастағы адамдарға қойылса, соңғы уақытта өмірдің қарқынды ырғағы тіпті жастардың ми инсульт сияқты ауыр ауруға жиі ұшырауына ықпал етеді.

 Шымкентте МӘМС шеңберінде ми қан тамырларына ота жасаудың тың тәсілі 38 жастағы ер азаматта инсульттың алдын алды. Күрделі отаны №2 қалалық аурухананың білікті нейрохирург дәрігері Еркін Медетов жасады. Науқасты көптен бері бас ауруы, құрысу мазалап келген. Медициналық тексеру барысында ми қан тамырларының мальформациясы анықталған. Инсульт алуға шақ қалған азаматты аман алып қалу үшін жедел әрекет ету қажет болады. «Артериовенозды мальформацияны» емдеуде ашық немесе тамырдың ішімен ота жасауға болады. Дәрігерлер бұл жолы қан айналымын бітеген тамырларды эмбализация жасап, тіліксіз отаның тың әдісін қолданды. Құны 6 млн. 200 мың теңгені құрайтын күрделі ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жасалған. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсы және таяу күндері ауруханадан шығарылады. Алдағы уақытта дәрігерлердің кеңесін тұрақты орындап, бақылауда болуы тиіс.

              Жалпы, Шымкент қаласы бойынша биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 1500-ге жуық жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсету жоспарланған. Ауруханаларда ми қан тамырларының күрделі бұзылыстарында, жүрек ауруларын емдеуде және бүйрек, бауыр трансплантациясы мен басқа да ауруларда қымбат бағалы күрделі ота түрлері жасалуда. Еске салсақ, бұған дейін шымкенттік білікті дәрігерлерге 51 жастағы науқас оң жақ бет бұлшық еттерінің тоқтаусыз жиырылуына шағымданып,дәрігерлерге келген. Айтуынша, сырқаты төрт жылдан бері мазалаған. Қытай медицинасы, физио ем және дәрі-дәрмектер оң әсерлерінің болмауына байланысты, бас ми магнитті- резонансты томографиясына түсіп, бет нервісі мен артерияның арасының тым жақын орналасқандығы анықталған болатын. №2 қалалық ауруханасына Медетов Еркін Жұмағұлұлынан консультация алып, жоспарлы түрде ота жасауға жатқызылған. Ота барысында беттегі нерв пен артерия арасы ажыратылып, арасына тефлоннан жасалған материал қойылды. Микроваскулярлы декомпрессия отасынан соң көзге көрінетін үлкен тыртық қалмас үшін құлақ артынан шаш өсу шекарасының үстінен перпендикуляр 10 см ұзындығында тері кесіліп, ота соңында тері ішілік косметикалық байлам салынды. Ота барысы сәтті өтті.

0 пікір