ШЫМКЕНТТІК ЖАС ТҮЛЕКТЕР 30 ТҮП АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ
ШЫМКЕНТТІК ЖАС ТҮЛЕКТЕР 30 ТҮП АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ
06.05.2024 13:09
18
0

        Кіндік қаны тамған туған жердің мерейін үстем ете отырып мектеп ауласын көркейту әр жанның ойында жүретін мақсаттың бірі екені анық.Санаулы күндерден кейін мектеп оқушыларына жазғы демалыс басталады. Ал 11 сынып оқушылары жаңа өмірге жол тартпақ. Олар аз ғана уақытта балалықпен қоштасып, студенттік шақтың қызығы мен шыжығына бетпе-бет келеді. Дегенмен оқушылар білім ұяласының көркейіп, көгалдануына үлестерін қосуды ұмыт қалдырмаған. «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Түлектердің ағаш отырғызу» челленджі бірнеше апта бұрын басталған еді. Бүгінге дейін Шымкент қаласының көптеген мектептерінде ұйымдастырылған сенбілік тағы да жалғасын тапты.

        Қазақта «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деген жақсы сөз бар. Осы сөзді бойына сіңіріп өскен  Қазыбек би атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектебінің мектеп бітірушілері 30 - ға жуық ағаш отырғызды. Бүгінгі жиында оқушылардың жақсы көңіл-күйде жұмыс атқаруларының бірден-бір себебі ұйымшылдық. Бір үйдің баласындай болған жастардың мақсаты бір. Елдің ертеңі үшін туған азамат болу. Айналаны тазалап, жасыл желекке айналдырған мектептің ұжым мүшелері мен оқуышылары бұған дейін де тазалық акцияларына қатысқандарын айтты.

– Бұл біздің алғашқы жұмысымыз емес. «Таза Қазақстан» акциясы барысында «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтарына да өз үлестерімізді қостық. «Атадан мал қадғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаған ғой. Келесі буынға үлгі болу мақсатында осындай игі іске қатысқанымызға қуаныштымыз. Жалпы бұл жұмыстар әр адамға күш береді деп ойлаймын. Сондықтан, барша жасты тазалықты ұстауға және көгалдандыру жұмыстарына атсалысуға шақырамын, дейді бітіруші түлек Гүлнұр Убайдулла.

       «Экология, өлкетану және туризм орталығы» КММ қызметкерлері мен «Жер елшілері» тобы және №36 ЖОББМ мұғалімдері мен мектеп бітіруші түлектері қатысқан жиында білім ұясының ауласы тазаланып, әктеу, сырлау және көгалдандыру жұмыстарымен аяқталды. Оқушыларға жақсы үлгі көрсету, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға үйрету, бастысы экологиялық білім беру үрдісі.

    Талдың рухани пайдасы зор. Біріншіден, оны еккен адам баласына үлкен сауап болса, екіншіден таза ауа және желді аймақтарға әкелер пайдасы мол. Алдағы уақытта мектеп айналасын жасыл желекке бөлеп, көшеттер білім ұясының ажарын аша түспек.

0 пікір