СПОРТ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
СПОРТ НЫСАНДАРЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
15.09.2022 22:04
29
0

Бұқаралық спорттың жағдайы мен дамуы қажетті спорттық инфрақұрылымның болуына байланысты екені белгілі. Бұқаралық спорт – ұрпақ саулығы­ның кепілі, ұлт денсаулығын сақтау жолындағы амалдардың бірі. Мемлекет салауатты өмір салтын ұстауға жол көрсетіп қана қоймау тиіс, соған барлық жағдайды жасау керек. Жалпы халықтың спортпен айналысуы ел халқының сау денелі болуына әсер еді. Сау денелі, сапалы ұлт қана мәңгілік ел мұратын орындай алмақ.

Қазіргі уақытта қала бойынша спорттық нысандар саны 933-ке жетті. Биыл бюджет есебінен қалада 3 және жеке инвесторлар арқылы 4 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оған қосымша 38 спорт алаңшаның құрылысын жүргізіп, пайдалануға беру жоспарлануда.
Қазіргі таңда «Металлург» стадионын реконструкциялау бойынша спортшылар үйінің құрылысы 100 пайызға аяқталды. Ал үлкен спорт залдың қаңқасы тұрғызылып, қабырғалары қалануда (20 %). Әкімшілік ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, ішкі әрлеу жұмыстары басталған. 1504 орынға арналған көрермендер трубинасының құрылыс жұмыстары 80 пайызға орындалды.
Сайрам тұрғын алабындағы №12 спорт мектебінің қосымша корпусының құрылысы бойынша жертөле қабырғасы 100 пайыз, үлкен спорт зал құрылысы қаңқасы көтеріліп, қабырғасы кірпішпен өрілуде. Инженерлік жүйелер құрылысы 70 пайыз, ішкі әрлеу жұмыстары 50 пайызға орындалып, аяқталуға таяды.
Сонымен бірге, қалалық №20 спорт мектебі ғимараты, үстел теннисіне арналған спорт нысанының және жаңа ипподромның құрылыстары кестеге сәйкес атқарылуда.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған Fitness park kz жобасы іске қосылды. Онда қала тұрғындарының уақытын тиімді пайдалану, салауатты өмір салтына бейімдеу үшін спорттық жаттығулар өтеді. Аталмыш жоба қазан айының соңына дейін жалғасады.

0 пікір