Сұйытылған газды электронды сауда арқылы сатуға толық көшу бір жылға шегеріледі
Сұйытылған газды электронды сауда арқылы сатуға толық көшу бір жылға шегеріледі
05.01.2022 12:58
89
0

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға шегеруді тапсырды.

Бүгін, 5 қаңтар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты кеңес өткізді. Жиын барысында президент қазіргі жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бірінші кезекте атқарылатын шаралар туралы баяндады.

Тоқаев Маңғыстау бойынша үкіметтік комиссия ұсынған шаралар кешенін мақұлдайтынын атап өтті. Ол монополияға қарсы органға Кәсіпкерлік кодекстің 119-бабына сәйкес сұйытылған газдың бағасын 180 күнге уақытша бағалық реттеу енгізуді тапсырды. Облыстарда халық үшін шекті бағалар өткен жылдың соңындағы баға деңгейінен аспауға тиіс екенін мәлімдеді.

"Үкіметке сұйытылған газды электрондық сауда алаңдары мен биржалар арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға шегеруді тапсырамын. Осы кезеңде нормативтік-құқықтық базаны мұқият әзірлеп, сауда алаңдары жұмысының ашық болуын қамтамасыз ету, бағаның күрт өсуін шектеу тетіктерін енгізу қажет", - деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент Бас прокуратураға бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бағалық сөз байласу мен өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізуді, оның нәтижесі жайлы 20 күн ішінде есеп беруді тапсырды.




Дереккөз:Ақорда

0 пікір