Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы
Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы
27.05.2024 16:41
229
0

 

«Жасөспірімнің тәрбиесін жақсарту бағытында мектеп пен отбасы ынтымақтастығы, атап айтқанда сынып жетекші, педагог-психолог, әлеуметтік-педагогтың орны ерекше. Сонымен қатар пән мұғалімдері де жасөспірімді тәрбиелеуде өз үлесін қосатыны сөзсіз. Олар оқушыларды пәнге деген ынта-ықыласына байланысты баланың бойындағы белгілі бір ерекшеліктері, қызығушылықтары арқылы тәрбиелей алады».  Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек ауылы, Жеңіс жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Суханова Алия Кумисбекқызының пікірі осыған саяды. Саналы ғұмырын бала тәриесі мен біліміне арнаған педагог отбасы мен мектеп ынтымақтастығы жайында көркем ойларымен бөлісті.
 

Суханова Алия Кумисбекқызы, Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Көксәйек ауылы, Жеңіс жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі :

- Жалпы өмірде жағдайы әртүрлі отбасы бар. Ал ата-ананың біреуінің жанұядан кетуі балаларға өте ауыр тиеді. Бұл көбіне баланың сабақ үлгерімінің төмендеуінен, ашуланшақ болуынан, өз-өзімен томаға-тұйық жүруінен, дөрекі және өзіне сенімсіз болуынан көрінеді. Сондай-ақ отбасындағы жалғыз баланы тәрбиелеу де белгілі бір қиындықтар тудырады. Мұндай отбасында бала басқа балалармен қарым-қатынас жасау, інісі мен қарындасына күнделікті қамқорлық жасау мүмкіндігіне ие бола алмайды. Отбасында бірнеше баланы тәрбиелеу жеңілірек болғанымен, бүгінгі күні мұндай жанұяларда материалдық жағынан қиындықтар да кездесіп отыр. 
Мектеп пен отбасы арасындағы ортақ талапқа қатысты өзара келісімінің бол­мауы балаларға қиындығын тигізеді. Ынты­мақтастықты арттыру үшін мектеп пен отбасы өзара іс-әрекетін бірлесіп ұйымдастыруы керек, олардың қамқорлығы мен әсер ету объектісі тек бала болуы қажет. Сондай-ақ мектепте жанұяның қарым-қатынасын дамытуға, жағымды ахуал қалыптастыруға, отбасын біріктіруге, ата-ана мен бала іс-әрекет тәжірибесін адамгершілікпен байытуға маңызды білімдік-тәрбиелік қор жасақталған болуы тиіс.
Отбасында екі ата-ананың да жұмыс істеп, жанұяны материалдық жағынан қамтамасыз етіп, бала тәрбиесімен айналысуы баланың тұрақты дамуын көрсетеді. Жақсы жанұяның негізі жұбайлардың махаббаты мен өзара көмегінен, біріккен мақсатынан, балаларына бірлесіп қамқорлық жасауынан, олардың дамуына байланысты ортақ көзқарасынан көрінеді. Ал тұрмысы төмен отбасыларда ата-аналардың көбісі қалыптасқан әлеуметтік жағдайды өзгертуге аса құлықты емес. Ал бала мұндай отбасында өзін қажетсізбін деп есептейді.
Отбасының тәрбиелік өмір салты, оның барлық құрылымдық элементтері бір-бірімен тығыз байланысты. Өйткені олардың мақсат-міндеттері ортақ іс-әрекеттерінің жалпы тәсілдері, әдістері және бағыттылығы бар. Отбасындағы тәрбиенің субъектілері – ата-ана мен бала, әлеуметтік мақсат, міндет, педагогикалық тәсілдер, әдістер. Осы элементтерді біріктіретін негіз – іс-әрекет.
Ұйымдастырылған мақсатты жүзеге асыруда іс-әрекет болмаса, тәрбие де болмайды. Отбасындағы тәрбиенің маңыздылығы ата-ананың басшылығымен, бақылауымен әртүрлі іс-әрекетке (оқу, еңбек, ойын, эстетикалық, т.б.) балаларды араластырудан көрініс табады.
Баланың отбасында орындайтын тапсырмалары, оларды орындауға қатынасы, деңгейі педагогикалық процестің бірлігі ретінде қарастырылады. Бұл деңгей арқылы:
 ата-ананың ұйымдастыру және бағыт­таушы ролін; 
ата-ана мен бала арасындағы өзара қатынастың сипатын; 
бала тәрбиесіне әсер ететін отбасының мақсатты адамгершілік бағыттарын; 
баланың отбасындағы араласатын іс-әрекетінің алуан түрлілігін;
ата-ананың тәрбие құралдарын, әдістерін, тәсілдерін пайдалана алу қабілеттерін; 
баланың белсенділігінің дәрежесін көруге болады.
Ата-ананың тәрбие жұмысының сапасы оқушының күн тәртібін ұйымдастыруынан байқалады. Онда отбасы тәрбиесінің маңызды ерекшеліктері көрініс табады, отбасының әдет-ғұрыптарының бір бөлігіне айналады. Күн тәртібі баланың уақыт аралығындағы іс-әрекетінен тұрады: дене және еңбек қызметі, ой белсенділігі, бос уақыт, дер кезінде тамақтану, гигиена, ұйқы. 
Олардың ара қатынасы баланың жасына, оның жеке тұлғасының психикалық ерекшелігіне және тілек-қалауына байланыс­ты өзгеріп отырады. Баланың бос уақыты оның күн тәртібінің құрамды бөлігі. Оқушының бос уақытын пайдалануы, оның іс-әрекетінің түрлері – отбасының тәрбие мүмкіндіктерінің айқын көрсеткіші.
Отбасының бос уақыттағы бірлескен іс-әрекетінің оқушы үшін маңызы өте зор. Ата-ана мен баланың ара қатынасы – отбасы өмірінің айқын көрінісі. Оның микроклиматын қалыптастыру отбасының даму мүмкіндігіне жол ашады. Мәдениеті төмен отбасыларда бос уақыттың педагогикалық мәні болмайды, ол мақсатсыз, мән-мағынасыз уақыт өткізуден көрінеді. 
Отбасындағы бала тәрбиесінде көмек көрсетудің ықпалды тәсілі – ата-ана­лардың педагогикалық сауатын дамытуды ұйымдастыру. Мектеп ата-аналардың педагогикалық сауатын дамытуда ата-аналар жиналысын, консультациялар, сұрақ-жауап кештерін, әкелер конференцияларын тағы басқа жұмыс түрлерін өткізу арқылы ұйымдастыруға тырысады. Бұл орайда, әрбір мектеп өз жағдайына, «отбасы суреті» ерекшеліктеріне, оқушылар тәрбиелілігіне сәйкес ата-аналардың педагогикалық сауатын дамытудың нақты жүйесін жасайды. Көбінесе оқушыларды ата-анасымен бала тәрбиесін жақсартудағы педагогикалық консультациялар және практикалық кеңестер сипатындағы жеке дара жұмыс жиі қолданылады.
Отбасын мектеп жұмысына тартудың нәтижелі формасының бірі «кіші педагоги­калық кеңестер», педагогтердің ата-аналардың белсенді мүшелерімен бірігіп, нақты бір сыныптың оқыту-тәрбие процесінің әртүрлі мәселелері бойынша ерекше кеңестер өткізуі дер едік.
Осылайша, мектеп пен отбасының сынып жетекшісі арқылы реттелетін педагогикалық процестерінің ара қатынасы мұғалім қызме­тінің диагностикасы негізінде қойылған міндеттерімен анықталады. Сынып жетекшісі қалыптастырған мақсат пен міндеттер оның оқушылармен, олардың отбасыларымен әрі қарай жұмысының бағыттарын да анықтайды. Ата-анамен жұмыс түрлері мен әдістері олардың педагогикалық мәдениетін арттыруға, мектеп пен отбасының өзара ынты­мақтастығын нығайтуға, олардың тәрбиелік әлеуетін күшейтуге бағытталады. Сондықтан тәрбие мәселесінде мектеп пен отбасы арасындағы қарым-қатынастың маңызы зор.

0 пікір