ТАРИХИ ТРАГЕДИЯ ТЕАТР ТАРЛАНЫНА АРНАЛДЫ
ТАРИХИ ТРАГЕДИЯ ТЕАТР ТАРЛАНЫНА АРНАЛДЫ
04.11.2022 13:20
63
0
Қазақтың дархан даласына жетелейтін «Қыз Жібек» қойылымының әуені. Үш мәрте қайталанды. Алайда, сахна шымылдығы түрілмеді... Жұмат Шаниннің туғанына 130 жыл толуына орай Ж.Шанин атындағы академиялық драма театрында драматург С.Қасымбектің «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясының премьерасы өтті. Театрсүйер қауым тұсаукесер алдында театр фойесінде ұйымдастырылған көрмені тамашалап, құнды деректермен танысты.
Мерейтойға Жұмат Шаниннің немерелері — режиссер Болат Қасымханұлы мен Жанат Қасымханқызы, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, Астана музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, театртанушы, Өнертану ғылымының магистрі Айзат Қадырәлиева арнайы келіп, премьераны тамашалады.
Қойылым Жұмат Шаниннің қазақ театрының ұжымын Мәскеудегі есеп беру декадасына екінші мәрте алып барып, «Қыз Жібек» пьесасы кезіндегі сахна шымылдығының 12 минутқа кеш ашылған оқиғасынан бастау алды. Спектакльдің қоюшы режиссері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Б.Құрманғожаев көрерменді сонау Мәскеудегі екінші есеп беру декадасына жетеледі.
— Қазақ өнерінің дәріптелуі, кәсіби театрдың қалыптасуында Ахмет Байтұрсынов, Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезовтердің еңбегі орасан. Шанин — Қазақстандағы тұңғыш ұлт театрының негізін салып, оны ұйымдастыруда, сондай-ақ кәсіби тұрғыда қалыптастырып, сахналық-шығармашылық жағынан өсу жолында зор еңбек сіңірген тұлға. 1926 жылы сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында кәсіби қазақ театры ашылды. Шанин қазақ театрының ұжымын Мәскеудегі есеп беру декадасына екі мәрте алып барды. Екінші декадада «Қыз Жібекті» сахналады. Қазақ театрларын ертең Еуропаның театрларымен тең етемін, орыс театрынан бір мысқал да кем емес деп жүріп, «Халық жауы» деген жаламен өмірден өтті. Деректі, тарихи туындыларды сахналау өте күрделі. Сценограф, суретші барлығымыз іздене отырып, сахналық (сценографиялық) шешім табуға тырыстық, - дейді режиссер Б.Құрманғожаев.
Сахна декорациясының өзі ерекше берілген. Сценограф Е.Тұяқбаев пен суретші Қ.Жаманқұловтың сахналық шешімі ерекше көрініс тапқан. Басты рөлдерді сомдаған театр актерлері Е.Аманғалиев Жұмат Шаниннің, М.Зияева Жанбике Шанинаның театр өнерін дамыту жолындағы құрбандығы мен ел басына күн туған кездегі күйзелісін көрермен қауымға жеткізе білді.
— Атамыз Жұмат пен апамыз Жанбикені көргендей әсер алып, көзімізге жас келді. Солақай саясаттың шырмауына түссе де, атамыз бен апамыздың қазақ театры, қазақ өнері үшін жанкештілікке барып, қиындыққа тайсалмай, ардан аттамай адалдығын сақтағанын ерекше жеткізген. Өзімен идеялас замандастары мен достары арқылы образды аша түскен. Театрдың шығармашылық ұжымына, режиссер мен драматургқа алғысымды білдіремін, - деді Б.Шанин.
Айта кетейік, драматург Сая Қасымбектің «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясы премьерасы 4-5 қараша күндері кешкі сағат 18.30-да Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында сахналанады.
0 пікір